Бүгін – адам баласының тұңғыш ғарышқа ұшқан күні

0
103
Осыдан тура 54 жыл бұрын адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин көк жүзіне самғап, ғаламшарды айналды. Дүниежүзі бойынша ең алып ғарыштық кешен, жер кіндігі Байқоңырда орналасса да Қазақстанға бұл саланы меңгеруге еш мүмкіндік берілген жоқ. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана осы олқылықтың орны толып отыр. Осы ретте ашық кеңістікке 3 рет көтерілген Халық қаһарманы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев төл мерекесінде біздің арна тілшілерімен Қазақстанның ғарышты игерудегі бүгінгі жетістіктері жөнінде ой бөлісті. Жеті қат аспан әлеміне деген қызығушылық адамзат баласын ғарышты толық зерттеуге құлшындырып келеді. Жымыңдаған жұлдыздар мен түрлі планеталардың тылсым құпиясын ашу – талайлардың арманы. Әрбір мемлекет қиял-ғажайыптай көрінетін өзге әлемді зерттеп-зерделеп, өркениеттің көшінен қалмауға тырысады. Бұл ретте ғарышты игеру бәсекесіне кеш қосылған Қазақстанның бүгінгі жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы: – 8 жыл ішінде біз ғарыштық инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша өзге дамыған елдердің 20 жылда атқарған жұмысын жасадық. Әлемдегі алпауыт елдердің мамандарының өзі оны мойындайды. Біз бүгінде телекоммуникация және жерсеріктік нақты навигацияға арналған жерден қашықтықта зондтау жүйесін толық қалыптастырдық. Мұндай ғарыш аппараттары әлемнің 5 елінде ғана бар. Қазір ғарыш кеңістігінде Қазақстанның 4 жерсерігі қалыпты жұмыс жасап келеді. Бұл қондырғылардың мемлекетке тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Сол жерсеріктерді пайдалану, басқару, оларды жинап-құрастыру бағытында бірнеше отандық орталық құрылды. Барлығында жоғары білікті қазақстандық мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ Аэроғарыш комитеті экологияға да үлкен мән береді. Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы: – Біз «Ғарыш-экология» орталығын құрдық. Олар үнемі топырақ, ауа, су құрамын зерттеп, экологиялық қауіпсіздікті қадағалап отырады. Мен өзім гептил-амил отынын пайдаланатын «Протон» зымырантасығышын қолдануды кезең-кезеңмен қысқартуға күш салып келем. Алдағы уақытта олар керосин мен оттегі арқылы ұшатын «Ангара» зымырантасығышымен алмастырылады. Қазақ елі ендігі кезекте Ресеймен бірлесіп, «Бәйтерек» зымыран ұшыру кешені құрылысын аяқтауға күш салуда. Таяу уақытта Қазақстан өзі өндірген ғарыш аппараттарын тиімді пайдаланып, ұтымды басқарумен қатар төл ғарышкерлерін дайындап, ұшыратын әлеуетті мемлекеттер қатарынан орын алмақ.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/58681-n-k-ni
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz / Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз