Ұсталықты жанына жақын тұтқан шебер жастарды үйретуге ниетті

0
1834
 5
Ұсталықты жанына жақын тұтқан шебер жастарды үйретуге ниетті Көне дәуірге көз жіберсек, қазақтың тұрмыс-салтын ағаш бұйымдарсыз елестету қиын. Адамға қажетті керек-жарақтың бәрі қатты ағаштың алуан түрлерінен жасалған. Ұсталықты кәсіп еткендердің өз ісіне өнер деп қарайтынына осындай көне жәдігерлер куә. Оралда тұратын Серікқали Ғиниятовты да жерлестері жойылып бара жатқан өнерді жаңғыртып жүрген шебер деп таниды. Серікқали Ғиниятов кезінде Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Мамандығы бойынша біраз жыл мектепте істепті. Қазір жұмыссыз. Бірақ қол қусырып отырмай, жанына жақын сүйікті ісімен айналысады. Ағаштан түрлі кәдесыйлар мен сандық және ас-су құюға арналған ыдыстар жасайды. Серікқали Ғиниятов, ағаш ұстасы: – Өзімнің жаныма жақыны – қазақи бұйымдар. Астау жасауға батылым бармай жүрді. Өзімнің туындыларымды қазіргі заман дизайнымен, өзгелерден бөлектеу қылып жасап жатырмын. Ағаш жонуды алғаш рет әкемнен үйрендім дейді ұста. Кейін қызығушылығы артып, қолына түскен кез келген ағаш кесіндісі аң-құс пен ыдыс-аяққа айналатын болған. Шебердің пікірінше, ыдыс-аяқтың қарағаштан жасалғаны дұрыс. Өйткені қарағаштың бойынан бөлінетін бактериялар адам ағзасына өте пайдалы. Ал кейбір ағаштар керісінше зиянды уларын бөледі. Сондықтан қарағайдан жасалған ыдыстар шұбат, қымыз секілді салқын сусындарға ғана жарайды екен. Серікқали Ғиниятов, ағаш ұстасы: – Қазақтың ағаштан ойып жасаған өнері негізінен алғанда бұрын өте көп болған. Мынау Кенжебек ұстаның еңбегі, мынау тағы біреудің жасағаны деген дүниелер қазір жоқ. Болса да біз көрмейтін боламыз. Қазір осы өзіміздің уақытта қазақтың өнеріне талпынып жатқан, осыны сатпасам да өзім істейін деген жігіттер аз. «Жасыратыны жоқ, көз майымды тауысып жасаған дүниелерімнің табыс әкелгенін де қалаймын», – дейді Серікқали. Дегенмен ұсталық – адамға туабітті даритын өнер. Сондықтан сүйікті кәсібінен ажырау ойында жоқ. Бұл істе шебер өзінің отбасы мүшелерін ең жақын көмекшілері санайды. Нұргүл Ғиният, ұстаның қызы: – Менің әкемнің жасаған заттары халыққа да, өзімізге де ұнайды. Оны келіп алып жатады, кейде кәдесый ретінде беріп жатамыз. Мен өзім дизайнер болғым келеді, сол бағытта әртүрлі киім үлгілерін және мультфильм кейіпкерлерін де саламын. Шебердің қолы қашанда ортақ. Сондықтан сәтті шыққан әрбір бұйымның кәдеге жарайтыны анық. Болашақта шағын цех ашып, білгенін басқаларға үйрету де ойда бар. Алайда қазақтың төл өнері қолөнерін дамытсам дейтін жастардың аздығы қынжылтады деп отыр шебер.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/58701-retuge-nietti

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз