АҚШ-та қазақстандық терроризм айыбын мойындамады

0
87

АҚШ соты терроризмге қатысы бар деп айыпталған Қазақстан мен Өзбекстанның төрт азаматының ісін қарап жатыр. Бұрынғы Кеңес одағынан шыққан тағы бір адам – Джохар Царнаев Бостондағы жарылыстарды ұйымдастырған деп танылған. Photo: АҚШ-та қазақстандық терроризм айыбын мойындамады

Америкаға Қазақстан мен Өзбекстаннан барған, қазіргі кезде АҚШ резиденті болып табылатын төрт азамат “терроризмге көмектескен” деген айыппен осы аптада Нью-Йорк сотына алғаш рет әкелінді. Америка билігі оларға АҚШ тұрғындарын “Ислам мемлекеті” (ИМ) экстремистік тобына қосу мақсатымен Сирияға жөнелтпек болып ақша жинаған деген айып таққан деп жазады Washington Post газеті.

Ахрор Сайдахметов, Дильхайот Қасымов, Аброр Хабибов және Абдурасул Журабоев адвокаттары арқылы сотқа өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеген. Прокурорлардың айтуынша, ИМ тобына қосылғысы келген Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовті Сирияға жіберу үшін Дильхайот Касимов пен Аброр Хабибов 1600 АҚШ долларын жинамақ болған.

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, 19 жастағы Ахрор Сайдахметов ақпанның 26-сы күні Түркияға ұшақпен аттанғалы тұрған кезде Нью-Йорк әуежайында ұсталған. Washington Post басылымының жазуынша, Ахрор Сайдахметовтің Сирияға кету ниетін біле тұра оған ақша бергенін 26 жастағы Дильхайот Касимов “көші-қон заңын бұзды” деген айыппен ұсталған кезде мойындаған.

Адвокаты Ахрор Сайдахметовті ешкімге зияны жоқ, “күнәден пәк сәби” деп атаған. Газеттің жазуынша, ол журналистерге “жасырын агенттердің көмегімен ұйымдастырылған бұл істің терроризмге қатысы жоқ” деп мәлімдеген.

“Терроризмді қолдаушы сыбайластар” кейпінде әрекет еткен жасырын агенттер “қорқыныш пен үрей ахуалын” тудырғанын айтқан адвокат, “билік бар назар-күшін нағыз терроризммен күреске жұмсауы тиіс” деп мәлімдеген.

Осы тәрізді қорғаныс тәсілін 2013 жылдың сәуірінде үш адам қаза тауып, 260-тан аса адам жараланған Бостон марафоны кезіндегі жарылысты ағасы Тамерлан Царнаевпен бірге ұйымдастырған 21 жастағы Джохар Царнаевтың адвокаты да таңдап алған. Царнаевтың қорғаушысы сот процесі басталған тұста клиентінің айыбын мойындағанымен, 19 жастағы Джохар Царнаев үлкен ағасы Тамерланның “ықпалынан шыға алмаған” деп мәлімдеген. Тамерлан Царнаев Бостондағы жарылыстан төрт күннен соң полициямен атыста оққа ұшқан.

Алқабилер соты Джохар Царнаевты Бостон марафоны кезінде жаппай қырып-жою қаруын пайдалану мақсатында сөз байласқан деп таныды. Сонымен қатар оны полицейді өлтірді және көлік ұрлады деп те айыптады. Енді сот алқасы мүшелері Царнаевқа үкім шығаруы тиіс: ол не өлім жазасына, немесе рақымшылыққа ілігу құқығынсыз өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз