Қызылорда облысында «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы басталды

0
439
3
Жыл басынан бері Қызылорда облысында 77 жол көлік оқиғасы тіркелген.
Оның 38-і жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. Салдарынан 99 адам жарақаттанып, 16-сы көз жұмды. Қалыптасқан ахуалға орай өңірде «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы басталды.
Ақтолқын Әлімбаеваның қоларбаға таңылғанына 1 айға жуықтады. 21 жастағы өрімдей қызды көлік қағып, оң аяғы екі жерден сынған. Ауыр операциядан кейін ол ауруханада жатыр. Енді Ақтолқын «мүгедек болып қалмаймын ба?» деген үрейлі ойдан арыла алар емес.
Ақтолқын Әлімбаева, қала тұрғыны:
– Жұмыс бабымен құжатттарымды апарып тастаймын деп шыққанмын. Қасымда екі құрбым болды. Олар жолдан өтіп үлгерді де, мен өте алмай қалдым. Мені басып, қағып өтіп кетті. Артымнан іздеп келген де жоқ. Адам сол күйі қашып кетті.Бой тасаламақ болған темір тұлпар тізгіншісін көп ұзамай полиция қолға түсірді. Қазір көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған. Егер қылмысы дәлелденсе, ірі мөлшерде айыппұл төлеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Жалпы жыл басынан бері Қызылорда өңірінде жол көлік оқиғалары жиелегені байқалады. Оның ішінде адам қағып кету деректері азаяр емес.
Алтынбек Ахметов, облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
– Жалпы статистикаға сүйенетін болсақ, облыс көлемінде жол апаттарының саны 26%-ға, осы 3 ай көлемінде және одан қаза тапқандар 100%-ға, жарақат алғандар 45%-ға өсім алып отыр. Оның ішінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол апаттары 30%-ға, жарақат алғандар 133%-ға өсім алып отыр.
Статистика осылай дейді. Сондықтан жол полициясы «Абайлаңыз, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасын бастады. Рейд барысында жүгенсіздік танытқан жүргізуші де, қауіпсіздігін ойламаған жаяу жүргінші де назарға ілікті.
Бір тәулік ішінде жолда жүру ережесін бұзған 10 жаяу жүргіншіге, 300 автокөлік жүргізушісіне әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары мектептерде жол қауіпсіздігі сабақтарын өткізіп, көлік легі қарқынды жолдардың тұсында, мектептердің алдында кезекшілік ұйымдастырды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/58961-sharasy-bastaldy

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз