Астанада №2-ші балалар ауруханасының буфетінде уланған 26 медициналық қызметкердің 21-і ауруханаға
жатқызылды.
Бұл туралы Астананың тұтынушылар құқығын қорғау департамент директорының орынбасары Федор Пеев хабарлады.
“Қазір себебі анықталуда. Шынымен де улану дерегі болды. 26 адам зардап шекті. 21-і ауруханада жатыр. Олардың барлығына алдын ала сальмонеллез диагнозы қойылып отыр”, – деді сейсенбі күні Ф.Пеев ҚазТАГ агенттігіне.
Бұл ретте ол аталған буфет тек медициналық персоналға арналғанын атап өтті.
“Осы тағам блогы тек аурухана қызметкерлеріне ғана арналған. Онда тек медперсонал ғана тамақтанады және ол буфет науқастарға арналмаған. Науқастарға тағам басқа блокта дайындалады”, – деді ол.
Федор Пеев хабарлағандай, Астана тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ауруханадағы қызметкерлерге қажет тексерулер жасады.
“Біздің мамандар сонда барды. Зерттеулер жасалды – аурухана қызметкерлерінен, тағам блогының қызметкерлерінен сынамалар алынды. Қазір олар тексеріліп жатыр. Оларды біз кеше ғана алдық, қорытындысы кем дегенде 72 сағаттан соң дайын болады. Қазірге біз сол тағам блогының жұмысын тоқтату туралы қаулы қабылдадық”, – деді ол.
Дереккөз: КазТАГ
http://www.nur.kz/364293.html