Топырақ жыр – торқа жыр

0
1126

Жаркен Бодеш

(Жәркен Бөдешұлы жазған туған жыр жырларына арналған лирикалық толғаныс)

Жә, Жәркен Бөдешұлы туралы түгінен түбіне дейін білемін десем ұят болар. Өлең сөз өнерінен шамалы білем десем, бойға қуат болар, ойға суат болар, сезімге шуақ болар. Ақылға да ар айналып қонар…

Неге?

Өнер дүниеге келгелі, өлең дүниеге келгелі сан боздақ, сан тарлан «туған жер» аясында сан сапырып, талай тақырып тартты. Ағынан жарылып сауып-сарқып айтты. Алтын бесік, асыл аймақ, ордалы отан, жерұйық жерді, дархан елді жырлады. Мәрмәр тілді маржан сөзбен сырлады. Тоқсан тоғыз толғады. Қасиетін қалқып қозғады. Бірақ соның бәрі, соның нәрі Жәркен жазған «туған жерден» озбады. Оны сан қайталап оқысаң да, жаңадан туып, соныдан түлеп тозбады.

Ендеше ақын өзі толғасын, өзі қозғасын, өзі жырласын, өзі сырлассын. Бізге тыңдау ғана керек:

Туған жердің қар-мұзы,

Ызғарыңмен жуындар.

Туған жердің бал қызы, –

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің бұлағы, –

Толқыныңмен ат мені,

Туған жердің жыланы, –

Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің шеңгелі, –

Тырна аямай бетімді.

Туған жердің желдері, –

Аузыма құй өтімді.

Туған жердің доңызы, –

Құрсағымды жарып кет.

Туған жердің қоңызы, –

Домалатып алып кет.

Туған жердің қасқыры, –

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-қыры, –

Сені осылай сүйемін!

(Жәркен Бөдешұлы)

Ғаламат, ғайып.

Ғайып болғанда, туған жердің алтын, асыл, бағалы байлығы емес, ең нашар, ең арзан «доңызы» мен «қоңызы» да жауһардай жақұтқа, гауһардай байлыққа, бағасыз бақытқа айналып кеткен. Өлең-өнер сөз құдіретімен тазарып, мөлдіреп жүрекке жеткен.

Әуелі, туған жерде, туған елде тарыдай тамшы жамандық болмайды, жақсылығы солмайды, оны басқа елдің, жат жердің әрқандай асылы, алтыны орнын баса алмайды, бағасын толтыра алмайды деп білетін, сері-сетер сезінетін, сал-сері ақын Жәкеңнің жайсаң жанында, ақындық қанында еш жамандық болмайды. Туған жердің даласындай аңқылдап, аққу-қазындай қаңқылдап, мөлдіретіп жыр төгеді. Шүлен сұлу сыр төгеді. Сосын сағынышынан саз ойнап, саз ойлап, ерке мұңынан наз ойнап, туған жердің бал қызының бұрымына оралып, ойлы сөзіне оянып, тұнығына жуынып, жаманына суынып, доңызына жардырып, қоңызына аунатып, қасқырына кеміртіп, шеңгеліне жеміртіп, жыланына шақтырып, бағалысына бақтырып, туған жерін – тас бұлақ жырмен тамылжытады, тасытып жырлайды…

Иә, Жәкеңнің осынау жырын оқығанда, қолқа-бауырыңды қопарып, жүрегіңді қотарып, туған жерге сыйға сыйлайсың-ау, сірә, ақын жанды, туыс қанды, ағайын.

Жә, Жәкеңнің жырдан жаралған жанын ұққан «жат жерде» жүріп, сағынышы жүрегіне бұққан арда азамат, арлы адамдардың бәрі де, Жәкеңнің бұл жырын оқығанда оны іздейді, артынан жүгіреді, сезіміне жүгінеді, ерлігіне елітеді, елдігіне ерленеді, сұлулығына серіленеді, елін сағынады, жерін аңсайды. Сонда барып:

– Жәке-ау, ыстық бауырыңды жазшы, «туған жер» бөлшегі бар бүйіріңді ашшы, туған жер өлкедей қасиетті «бүйрегіңе» – бүйіріңе басымды қояйын, «зарығымды» жояйын, жастық етейін, «жат жерден» кетейін, – деп ақын айналасынан кете алмай, алысқа ұзап жете алмай, арпалысқан асау арғымақ сезіммен ақжармадай жарыласыз, босап бордай егілесіз, үкі қауырсынындай үлпілдейсіз, топырақ жырдың иісіне иисіз, туған жердің құтына құнығасыз, туған жердің құдіретіне семіресіз…

Иә, сөз расын айтсын, ақын өзі жырласын:

Тас бар деп бүйрегімде дәрігерім,

Жарымның ұялады әріне мұң.

Достарым, балаларым бәйек болып,

Бағады қабағымды бәрі менің.

Шаң жұтқан қазанаттай жорықтағы,

Бұл дерттен көмпіс жүрек қорықпады.

Сіңірген бал мен зәрді қайран бүйрек,

Қайтейін, түйір тасты қорытпады.

Қай таудың тасы екен деп ойланамын,

Тасиды ойласам-ақ бойда қаным.

Ат жалын тартып мініп ес білгелі,

Жолына қай тараптың бойламадым.

Сыр бардым, Арқа бардым, Алтай бардым,

Бір емес, Алатауды алты айналдым.

Жерінде Көкшетаудың есім жиып,

Өрінде Тарбағатай марқайғанмын.

Қашан да тас ыстық қой тау ұлына,

Аттанам тауды аңсасам ауылыма.

Қай таудың тасы екен сол бүйректегі,

Тәнті еткен жауынына, дауылына.

Мен де бір өнер қуып жүрген сері,

Жаныма асқақ әнмен жыр көрші еді.

Алыстап тауларымнан жүргенімде

Денемде жүрсін солай бір бөлшегі.

(Жәркен Бөдешұлы)

Әне, Жәкеңнің өзі де, өлең, жыр жинағы да, атамекен, туған жер, кіндік жұрт секілді, оның басқан ізінен, жорытқан жолынан, ой құнарынан туған жердің топырақ исі аңқып тұрады, сүт таңдай өлеңінен уыз исі аңқып тұрады. Ұйғарымды ойы апам ұйытқан ақ айрандай санамда ұйып тұрады. Атқан таңдай ақ маңдай ару еркелеп келіп, қаймақ ернімен ақ маңдайыңнан сүйіп тұрады. Ару қыздың жұмақ қойнында ұжданды махаббат ұйып тұрады. Ақ маржан сезімін ақ жауындай құйып тұрады. Қыз қызығынан ары асып, ауған жердің тұнығы да құнықтырады. Жәкеңнің қыз бұрымына оралып орғыта жырлауы тектен тек емес-ау.

Бәрінен абзалы, кереметі, керектісі сол. «Бал мен зәрді» қоса қорытқан қайран бүйрек туған жердің түйір тасын қорытпайды, ақын да оны дәрігерге алғызбайды, бүйрегінде «туған жердің бөлшегі» етіп сақтайды. Осы арқылы-ақ, ақын туған жерге, туған жер ақынға айналып, бір бүтін дөңгеленген керемет дүниеге көшіп кете барады.

Ол ғана емес.

Тауды аңсаса, ауыла аттанады. Жанына асқақ ән мен жырды көрші етеді. Бүйрегіндегі тастың төркініне ой ұзатады, қиял қыдыртады. Сыр барады, Арқа барады, Алтай барады, Алатайды да алты айналады, Көкшетауда есін жиып, ер жетеді. Бірақ бәрінен емес, Тарбағатайдың өрінде марқаяды, тас соныкі болып шығады. Туған жердің кіндік қанына байланған тасты алдыру – ақын үшін азап, ары үшін орны толмас ғазап саналады.

Әне, өлеңнің өртеңді өзегі де, мәнді мәйегі де, дәлелді дәйегі де, дәні де дәл осында жатыр.

Неге?

Туған жердің тауы-тасы, ауыл-қаласы, ауасы-даласы, туған елдің анасы-баласы, данасы-сарасы – бәрі-бәрі де бүйректегі түйір тастың түйінімен тастай түймеленіп, бір-ақ айталды да, жақұт сөз, жауһар оймен оқырман жүрегін жаулап, сезімін аулап, туған елді көруге, туған жерде жүруге асықтырады.

Демек, сезімін аңсар жанға ақтарған, арлы ойын туған жер қойнына қондырған, бала мінезін балбұлағына қандырған, ұжмақ сөзден ұжданын жандырған, өнерімен жүректі өртеген, өлеңімен өзекті өрлеген Жәкең жырларының, сылқым сырларының ой-иманына ұйып, қуат-күшін бойға жиып, туған жер қасиетін, кіндік ел мерейін анық білесің.

Жыр кемесіне де серіленіп нық сеніммен мінесің. Осыдан соң арыңды тазалап, азаматтығыңды бағалап, атажұртқа да айналмай келесің.

«Туған жер бөлшегін» көтеріп жүрген Жәкеңмен бірге жүресің, ақынмен қоса күрсініп, ақынмен бірге күлесің.

Егер туған жерді сағынсаң, туған елге табынсаң, арыңды аршып, ақын артынан ересің. Жәкеңдей сүйсең туған жерге, Жәкеңдей күйсең туған елге онда сап-сары көзбен сарғая қара да, Жәкеңнің мына өлеңін оқы, сап-сары көкірекке даралап тоқы:

Туған жерден кеткелі,

Сағынышым көп тегі.

Айға қарап ұлыған

Мен бір жалғыз көкбөрі.

Айға қарап ұлысам, –

Ай сарғайып батады.

Күнге қарап ұлысам, –

Күн сарғайып батады.

Таңға қарап ұлысам, –

Таң сарғайып атады.

Тауға қарап ұлысам, –

Тас сарғайып қалады.

Суға қарап ұлысам, –

Су сарғайып ағады.

Сарғайтпайтын заман жоқ,

Адалы аз да, арам көп.

Ұрлығы көп пәниде,

Ұлымасқа амал жоқ.

(Жәркен Бөдешұлы)

Иә, өлең – көк бөрісі, өнер – көк бөрісі, сезім еркесі, сөз серкесі, ой семсері, идея иманы Жәкең туған ел мен туған жерге деген сағынышынан, кіндік қанға байланған бағынышынан, бақайынан тартып басына дейін сап-сары. Ол қайда барса да, қайда қараса да бәрі түгел, нәрі сарыға айналып кете барады. Табаны тиген жер, демі тиген ел де сарғайып жүре береді. Сондықтан оның жыры-сыры да, шыны-шыңы да, арманы-дәрмені де, мәні-сәні де, дәні-әні де, сезімі-селімі де, қиялы-қыдыры да, өлең-өнері де, өмірі де түп-түгел, төрт құбыласы сарыдан, сары алтыннан жаралғаны қақ, айдай ақиқат.

Жә, ақынның ұлуы – бойының жылуы, ойының сұлуы болып, өлең өрінен өрнек болып төгіледі. Оның сарғая ұлуынан ойың жылиды, бойың сергиді, сезімің серіленеді, сенімің бекиді.

Неге?

Ол – туған жер күні, туған ел үні, қоңыр дауысты қоңырауы, сазды әні, назды мәні, мағыналы мәйегі, берік, мықты дәйегі.

Ол – ұлуымен ұйытады, жылуымен жылытады…

Ол ғана емес.

Ескі жұртты, көне мекенді, байырғы тауды, арысы жауды еске алады, еске салады. Арғы заманды, көне ғасырды қозғайды, ой түбін қорғайды, парасат парағын парақтайды, тыныштық тынысын тінтеді. Ақыл-ой көзін көзейді, сезімін серпілісін жалғайды, сағынышын сары сөзбен арбайды, «арамы көп» арсызды арлы сөзбен қармайды. Одан да ары терең тамырдан тазалап тартып, Күнбиді емізген, Оғызға, Ордаға жол бастаған, Жәнібекке арқа боп қол бастаған, байрақтың басы болған, жауына қарсы қасы болған, Тәңірдің елшісі – Көк бөрінің ұлуынан ұлылық тауып оятады. Сонымен өр заманның ошағын оттандырады. Қор ғасырдың қоламтасын қоздырады. Осының бәрін, ойының нәрін отты жыр, тоты сырмен нәрлендіреді, аршып айтып әрлендіреді. Сөйтіп бойға сағынышты сарқып құяды, ойға ақылға сауып құяды, санаға парасатты тауып қояды.

Бұл не?

Бұл – Жәкең жырының құдіреті, Жәкең сырының күш-қуаты, ой суарар суаты болмақ. Оған бойың балқып, қиялың қалқып толмақ…

Ол ғана емес.

Оны ары қарай айтсақ, аршып талдасақ, тағы бар:

Туған жерім – Жайыртау,

Екі өркеші – Айыртау.

Айыртаудан сұм тағдыр,

Тірідей мені айырды-ау.

***

О, кіндік қан,

Кіндік қан!

Тама сала сені шегір құм жұтқан.

Туа сала мені мешкей мұң жұтқан.

Мені тағдыр қуғындап,

Сені дауыл сырғытқан.

***

Сағындым қара суыңды,

Сағындым сары майыңды,

Жатармын қайтіп шағынбай,

Шыдармын қайтіп сағынбай?!

Толтырған екі ұртымды,

Сағындым малта құртыңды.

Саудырап кепкен шағылдай,

Сағынып жүріп бір барсам,

Бір барсам емес, мың барсам

Ашылар ма екен қарығым,

Басылар ма екен зарығым?

Шекара бөліп тұрса да,

Жайырым – көрер жарығым.

(Жәркен Бөдешұлы)

Бұған көп сөз айтып көпіру қажет емес. Жалғыз сөз, түйін біреу, өзек біреу, ол – туған жер, туған ел. Оған болған ақынның ақ жайық асау сезімі, арыстан ой, қыран қиялы, ақынның жыр кеудесінде сағыныштың сары тұлпары ойнақтайды. Тұнба төсін жара тартып ойқастайды. Құлын даусы арыдан тартып, құланиектен кісінейді, сағыныштың сары ойы оянып, санадан есінейді.

Пәлі!

Жайыртаудан, Айыртаудан тірідей айрылған ақынды сұм тағдыр сұмдық ойға жетектейді.

«Кіндік қанын шегір құм жұтады», «өзін өртеп мешкей мұң жұтады», «тағдыр айдап сырғытады», сағынышын кіндік таны тамған жерге ырғытады.

Иә, солай да солай.

Тағдырын алысқа айдап тағы етеді, сезімін сауысқаннан сақ етеді, туған жерге дегенде ақынның бал таңдайы тақ етеді:

Бауырым көшіп келсе де,

Құшағыма енсе де,

Ауылым көшіп келсе де,

Адал асын берсе де,

Ақ бетеге, ен жайлау,

Ақпа бұлақ, кең жайлау,

Кіндік қаным бір тамған

Жайырым көшіп келмейді-ау!?

Шын ғаріппін ендеше,

Жаралған соң адам боп,

Сарғаймасқа амал жоқ.

(Жәркен Бөдешұлы).

– деп кіндік қанына байланған бақытын іздейді, жер көксеген қас тұлпардай жер тарпып, тезегін иіскейді. Елі кеткен, жұрты көшкен жетім жерден де жерімейді. «Жер» деп езіле елжірейді, «ел» деп емірене езіледі, сағына кетіледі, сосын оған балдай тәтті жыр арнап, сырмал, сұлу сыр арнап, марқайып, қанаттанып жетіледі.

Ол ғана емес.

Түбі терең, шыңырау, шүңет ойдан ой сабақтап, қиял қауызын ашып шабақтап арыдан, алыстан пікір қозғайды, ойлы жан, саналы азамат, арда оқырман Жәкеңнің осынау жырларын оқығанда түп-тамырдан тартып ойланады.

Ойланбайды, – оянады.

Неге?

Топырақтан жаралған, топырақтан нәр алған Адам ата, Хауа ананы еске алады, еске салады. Топырақтан жаралып, топыраққа қайтатын қара басты, бақа тісті пенденің тұла ту төркіні – қара топырақ емес пе?! Ақынның да бауыры келіп, ауылы көшіп жатса да, Жайырдан жатырқамауы, қара топыраққа қайта-қайта тартуы міне, содан болар…

Иә, осыны жыр сонысымен алшысынан алып, алқымдап айтып, түп тамырдан тазалап тартып, қотара қазып, қопара жазып отырғаны да, сірә, содан болар…

Демек, мұны тауып тануға, аршып-айырып айтуға биік парасат, кемел идея, кесек көзқарас, бағасыз ақыл, сарқылмас сабыр, күдіксіз күш керек.

Неге? Елі келсе, жері келмейді, жері келмесе, жерігі қанбайды. Жерігі қанбаса, туған жерді жырлаудан танбайды. Кіндік қаны тамған, құмары қанған туған жерді жәннат деуден талмайды. Осыны танығанда ақынға арқаланасың. Өзің де ақынға айналасың. Туан жерді де қоса сағынасың. Құдірет-күшті де туған жерден аласың. Туған жерді де тебірене жазасың…

Әне, Жәкеңнің де саудырап кепкен шағылдай ауылын аңсауы, сары мейіздей кеуіп сарғая жырлауының қиыры Қырымда, шиыры сырында, тамыры терең, түбі алыста.

Неге?

Анаңның саусағының табы қалған, малта құртты да, құртты ала қашатын кезқұйрығы, қарғасы да, сары май, балдай қара суы да, кіндік қаны тамған қара топырағы да ақын үшін жәннат. Өнер өлеңіне, ұшар биігіне самғар қанат екенін қайыра қайталап, қара сөзбен қаузау – намыс. Оны басында миы бар, санасында ойы бар өрелі оқырман бірден танып, тауып, түсініп жатады. Түсініп қана жатпай, терең, шүлен түйсініп жатады. Туған жерді, думанды елді әндетіп, әуендетіп, Жәкеңмен бірге жылап, бірге жырлап, бірге сағынып, бірге табынып, бір арнадан аунап, бір сағадан қунап, бірге тоңып, бірге солып, бірге ұғысып, бірге тоғысып жатады.

Ұқсайсың меніменен бір туғанға,

Ұқсайды мінез-құлқың, түр-тұлғаң да.

Анамның саусағының табы қалған,

Жаным-ау, жанқалтаңда құртың бар ма?!

Сарғайған сағынышым бар басымда,

Ауылдан артық жәннат бар ма, сірә!

Өреден ірімшігін ап қашатын,

Сағындым кезқұйрығын, қарғасын да.

Аман ба ауыл-аймақ, жұртыменен,

Аман ба мен білетін бір түп емен?

Боздаған боз даланың ботасы едім,

Жанымды ащылатшы құртыменен.

Сағындым сахараның қыр көктемін,

Сағындым салқын самал түзді өпкенін.

Сағындым салқын күзде қоңыраулатып,

Қайтатын аққу-қаздың тізбектерін.

(Жәркен Бөдешұлы).

Жә, сіз мына әнді айтқанда қайда жүрсіз? Байырғы ауылда, баяғы аймақта, атажұртта, кіндік мекенде, туған жерде, бауырмал елде еркелеп жүрсіз, ерленіп еліктей секіріп жүрсіз, серіленіп сергіп жүрсіз, серуендеп сейілдеп жүрсіз. Жәкең бозінгендей боздап, боз далада боздақ ән салады.

Ол әнді әншейін салмайды.

Ауыл-аймақ, бота-тайлақ, ата-баба, ана-баланы көзайым көңіл көгінен жарық жұлдыздай жамыратып, жанды жадыратып, сезімді мөлдіретіп, қиял қылын дірілдетіп, ұйытып-уылжытып, уілдетіп, тамылжытып, тамсанта салады. Үш жүз алпыс екі тамырды солқылдатып, жан түкпірін қопара салады, санадағы сағынышты туған жер мен думанды елге қарай еліте, қотара салады.

Ол ғана емес-ау.

Ананың дана қасиетін түгел аршып, түгінен түбіне дейін түгендеп айтып, сөз шынжырлап, ой шылбырлап, образды бұйдалап отырған ол жоқ. Күллі ауылды, тұтас аймақты аударып ақтармайды, соның бәрін, оның нәрін тек қана анасының саусағының табы қалған титтей құрттың құдіретіне сыйғызады да, жүрегіндегі сағынышты сауып, сарқып айтады. Одан ары қарай сол құртты, ірімшікті алып қашатын кезқұйрық пен қарғасы, қыз көктем, мұз өткелге сабақтап, көркем кеңістік көрсетеді. Көз алдыға елестетеді, ел тілегін тілейді, амандығын сұрайды, бас-аяғы үш-ақ шумақ өлеңде. Ұланғайыр ұласқан ұлы ой, сағыныш сапырылады. Қайтқан құстың, ұшқан қаздың қанатына да ілесіп, ақынның ақмаржан арманы, жойқын тілегі, сары сағынышы суылдап, сұңқылдап бірге ұшады. Қоңыраулы аспан, қоңыр таудың  қоңыр әнімен бірге күрсінеді, күрсінгендей сезіледі…

Сезілмейді.

Сезімге сері, әсерге әсем ән қалдырады. Бар жүректі, нар тілекті әнмен бағындырады, әнмен табындырады, тілсіз түйсіктерді тілдендіріп, әнмен құлағын ашады, әнмен сағынышы басады.

Иә, керемет!

Кереметі сол – керегі мол. Аспан да өлең, жер де өлең, ер де өлең, ел де өлең, құс та өлең, қос та өлең, құрт та өлең, құт та өлең. Өлең емес ештеңе жоқ, бәрі дөңгелеп өлеңге, өнерге айналып кеткен. Өлең-сөзбен тазарып, мөлдіреп жүрекке жеткен.

Міне, ой шүлені өсіп, қиял Қыдыры бөсіп, ойың осыған жеткенде ақын ақылынан, ар алымынан айналасың. «Апам ұйытқан ақ айрандай» ұйып, әсерлі, әсем ән тыңдайсың. Ән тыңдайсың да, туған жер мен елге «жат жерден» көшіп, «жат елден» өшіп, бір-ақ, біржолата кетесің.

Бұл не?

Бұл – ән құдіреті, өлең құдіреті, өнер күші, сезім көші деген осы.

Осы ғана емес.

Ел шетінде, жел өтінде қиыр қонып, қиян жайлап, туған жерден алыста, туған елден арыда жүрген жан осы әнімен-ақ қонысын құтқа, сезімін жәннатқа айналдырары қақ. Сағынған жанын, тасыған қанын, ауыл-ана құртымен ащылатары ақиқат.

Ол ғана емес.
Оның ар жағында, арғы алыс астарында ел танымағанның ертеңі қараң, жер танымағанның қонысы қараң, елдің ертеңін ер сақтайды, ұрпақтың ертеңін жер сақтайды, деген терең дүние, телегей ой, теберін істі көзқарас, салмақты пікір, сабырлы тұжырым жатыр. Баба сөзі, дана көзі, даңғыл, дара жол жатыр. Туған жердің тұнығынан көтерілген, баба сөзінен бастау алған бай, бағалы парасат жатыр.

Жә, Жәкең жайлы мынаны да сабақтай жазған оң болар. Жәкең – күллі қазақ өлең, өнер өлкесінің алтын көзі, асыл сөзі, құрыш қоры, дыңды діңгегі саналатын ХV-XVІІІ ғасырдан соң үзілген жыраулық дәстүр, айшықтап айту, ақыл-нақыл, толғау жырларының ғасырлық үзілісін, үрдісін қайта жалғаған ХХІ ғасырдағы дана ақын, дара жырау, төкпе сөздің, көреген көздің, өлең өнерінің қас шебері. Ғасыр кетігіндегі алтын көпірі.

Ол жылап жырласа да, шындап жыласа да, оның меруерт жырларынан, мейірімінен, алымды ақылынан, иланымды идеясынан таптырмас нақыл, алтын ақыл көкірегіңе саулап құйылады да тұрады, іштен адамдықты өсіреді, сырттан жамандықты түлетеді. Оған алтынкөз оқырман асылсөз бағасын бағыштары хақ.

Демек, Жәкең жырларын көне соқпақ, ескі талдау, қасаң теорияға салып, қатқыл қаузаудың, иіні сүрі, ирегі басқа сын тезіне салудың қажеті жоқ. Оны ойлы көз, сарабдал сана, сабырлы азаматтықпен оқу, ұялы көкірекке тоқу ғана абзал.

Аш ішекті сөзді азайтып, соңғы сөзді, өзекті пікірді, кіндік кесімді, жұлымды жосықты, арқалы айтуды, сындарлы сынды ақынның өзі айтсын, өзі аршысын:

Мен ақын емеспін,

Тағдырым – ақын.

Көктемдегі сағымдай сан құбылатын.

Жаным Ұлы тау секілді,

Өзені туласа,

Улары шуласа,

Байғызы жыласа,

Тастары құласа,

Бораны аңыраса,

Орманы жамыраса,

Қасқыры ұлыса – жаңғыратын.

Мен ақын емеспін,

Тағыдырым – ақын.

(Жәркен Бөдешұлы).

Қызық.

Қызық емес. Дара мінез, дала мінез ақын өзін-өзі білді, өзін-өзі таныды. Оны асырып та айтпады, жасырып та қалмады, табиғи табиғатын тасқа басқан таңбадай танытты. Оған өзі де, оқырманы да қанықты.

Жә, оны енді әне образ, міне мінез, ойлы ой, марқа көзқарас, көсем, көркем сөз, сылқым, сұлу сыр, таңғажайып тамаша тақырып деп таңқала талдаудың, құр, құрғақ тамсанудың, бойдақ сөзді буазытып, ауырлатудың қажеті қанша, қауқары шамалы.

Ақын өзі сыншы, өзі төреші, өзі қазы, өзі таразы, бәрін өзі тазалап, өзі тақырлап, нәрін аршып, ашалап айтты. Оған одан ары сөз қақсатып, ой ақсатып, шабан пікір, арзан баға, арық сын, көтерем көзқарас айтып, жүгенсіз жүйке жұқарту намыс, арға қонбайды, ақылға сыймайды, санаға саймайды.

Қазақы қара тілмен қайырсақ, жалғыз ауыз сөз бар. Ол мынау: «Өзін-өзі білген – әулие, өзін білмеген – әуре». Ата сөзінен асып, баба көзінен өтіп, ешкім де баянды баға бере алмайды. Уақыт – алтын таразы. Ұрпақ – ұлы қазы. Жәкең жырларының гүлтөбесін түгел көруге, тұтас білуге, айырып аршуға, бір-ақ ашуға нар тақырып керек! Төрт тұрманы толық, төрт құбыласы тегіс, түгел сөздің түбін білетін, сөз биі – білікті сыншы керек. Ол – ұрпақ ұлағатындағы, келешек еншісіндегі, уақыт қазынасындағы қазы жарар қара қыл, қақ айырарыңды, қазы халқым, өзің біл!

bolar bopai

Болат Бопайұлы ЖОТА ҚАЖЫ,

Жазушы-этнограф, академик

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз