Су тасқыны туралы депутаттардың пікірі екіге жарылды

0
1019

Тасқын судың салдарын жоюмен әлектенгенше, оның алдын алу керек еді. Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов елдегі жағдайға байланысты осындай мәлімдеме жасады деп хабарлайды Жетінші арна.

су таскыны

Оның ойынша, айтқызбай келетін апаттың алдын алу шараларына мемлекеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. “Алайда жылда елді-мекендер топан судың астында қалып жатады”,- дейді депутат.

“Алдын-алу шаралары жасалу керек еді, бізде кейде өз деңгейінде жасалмайды. Қарлар тазалану керек, ауылдың іші қардан тазаланып тұру керек. Бұл жағдайларға қаражат қарастырылған, үкіметтен резервтен қаражат бөлінеді”, – деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов.
Су Қарағанды облысындағы бірталай аудан, ауылды шайып кеткеннен кейін оның алдын-алу туралы әңгіме қозғау кеш.

Дәл қазір табиғи апаттан зардап шегіп жатқан халықтың жағдайын ойлау қажет.

Оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге бір адамдай жұмылып көмек көрсетейік деген депутаттар да аз емес. Тіпті, депутаттардың кейбірі тасыған суға ешкім кінәлі емес және ол үшін айыпты адамды іздеудің өзі қисынсыз деген пікір білдірді.

Еске сала кетейік, күннің күрт жылынуынан Қарағанды облысының бірнеше ауылын су басты. КТК арнасының хабарлауынша, Павлодар облысында тасқыннан келген шығын 1 миллиардқа жақындады.

Бұл әзірге жергілікті әкімдіктің болжамымен жасалған есеп. Ал қызыл судың қайтпағанын ескерсек, шығын көлемі әлі еселей түсуі мүмкін. Сәуір айының басынан бері облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдардың 9 учаскесін су басып қалған.

Мамандардың айтуынша, бүлінген жолдар мен Ащысу өзенінен өтетін көпірді жөндеуге миллиондаған қаражат пен бірнеше ай уақыт қажет. Әзірге қираған баспаналар мен қырылған мал басы жоқ. Десе де қызыл судың беті әлі қайтпағанын ескерген жөн.

Ал Астанаға тасқын қаупі жоқ. Қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары, табиғат апатының алдын-алу шаралары уақытылы қолға алынғанын айтып, тұрғындарды сабырға шақырды деп хабарлады Астана арнасы.

Айтуларынша, департамент қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Бүгінде Есіл және Нұра өзендерінің су деңгейі көтерілді.

Осыған орай қалаға жақын орналасқан Ильинка, Талапкер және Қосшы ауылдары қатаң бақылауға алынды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда, Астанада отыз шақты құтқару пункттері ашылады.

“Бүгіннен бастап біз сағат сайын бақылау жасап отырмыз. Қанша су келді, қанша су кетіп жатыр. Менің алдымда ақпарат жатыр. Бәрі жазылған. Қиын жерлерде адамдар тұр. Пост жасап қойдық, сол жерде олар бақылау жүргізіп тұр”, – дейді  Астана қаласы ТЖД бастығы Барат Дұзақбаев.

Бүгінге дейін су басу қаупі бар аймақтардан 11 мың адам көшірілді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз