Алматы облысының полиция қызметкерлері қалада орын алған жан түршігерлік жол апатына күдікті адамды қолға түсірді деп хабарлайды “Жетінші арна”.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын 34 жастағы әйелді Алматы-Бішкек тас жолында көлік қағып кеткен болатын.
Айыпты жүргізуші ес-түссіз жатқан жәбірленушіні өлдіге санап, оны қоқысқа апарып тастап кеткен.”Жедел іздестіру шаралары барысында оқиға орнынан бой тасалаған көлік жүргізушісінің тұлғасы анықталып, артынша ол қолға түсті.
Ол қазір болған жайтты толық өз мойнына алып, кінәсін мойындап отыр. Күдікті Қарасай аудандық ІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды” деп мәлімдеді Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы Дарын Арыстанбеков.
Күдіктінің жасы 27-де, Қаскелең қаласының тұрғыны. Полицейлердің айтуынша, ол жол көлік оқиғасынан кейін көлігінің түсін өзгертіп, майысқан жерлерін жөндетіп алған.
Естеріңізге салайық, 11 сәуір күні Алматы-Бішкек трассасындағы “Алтын-Орда” базарының маңында жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Мұны жақын маңдағы жанармай құю бекетінің бейнекамерасы таспаға басып алған.
Онда ақ түсті көліктің әйел баласын қағып, кейін ішінен екі ер азамат жәбірленушіні көлікке салып әкеткендігі анық көрінеді.
34 жастағы Нұргүл Тұрғымбаеваны патрульдік полиция қоқыс тастайтын орыннан тауып алды. Дәрігерлер оның жағдайының мәз емес екенін айтуда.
Бәрі ойдағыдай болса жәбірленуші тек жарты жылдан кейін ғана аяққа тұра алады дейді олар
Дереккөз: BAQ.KZ