Ақорданың аспаздары Назарбаевтың сүйікті тағамын атады

0
323

Президенттерге қойылатын ас мәзірінің құпиясы ашылды.  Елордада президент пен оның шетелдік әріптестерінің Қазақстанға келгенде қалай ауқаттанатыны жазылған кітап жарық көрді.

дастархан

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Кітапта бірінші басшылардың не ішіп жейтіні, оларға даяшылардың қалай құрмет көрсетуі тиіс екеніне дейін жазылған. Елімізге келетін шетел президенттерінің ресми кездесулерінен бөлек, олардың тамақтануы да бірнеше ай бұрын келісіп таңдалады.

Тіпті Ақордаға қонақ боп келген мемлекет басшыларына қай уақытта не ұсынылатыны протоколға алдын-ала енгізіледі. Енді бұдан-былай президенттердің ас мәзірі ешкімге құпия емес. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде алғаш рет жарық көрген «Астананың ақ дастарханы» деп аталатын кітапта елордаға ат басын бұрған  мәртебелі меймандардың не ішіп жейтіні  жазылған.

Саяси элитаның өз тамақтану әдебі бар. Протокол бойынша, тағам бір секундқа да кешікпеуі тиіс. Президент, министр, жалпы ресми делегацияға алдын-ала тексеруден өткен, дәруменге бай, мейманның қалауы бойынша тамақтың сан түрі қойылады.

Ал тіл үйірер ас қонақтарға  қазақтың елтаңбасы бейнеленген ыдыспен беріледі. Сорпа, салат, шырын, түрлі тәттіден бөлек,  таңдаулы мәзірге бауырсақ,  ет, жент пен құрт  кірген.

Элитаға қызмет көрсететін таңдаулы даяшылар шарапты қалай құю керектігін көрсетіп, кітаптың тұсаукесеріне келгендерге құймақ пісіріп берді. Президент іс басқармасы жарыққа шығарған  кітаптағы дәмді асты мақтаушылар да көп екен. Тіпті оның қалай әзірленетінін сұраған шетелдік қонақтар да  кездесіпті. Осы кітап авторларының  бірі Назарбаевтың 7 жыл жеке аспазы болған  Артем Канцев оның сүйікті тағамдарын атады.

“Жасыл салат, сүзбе және сұлы ботқасы президенттің сүйсініп жейтін  таңғы асы. Жалпы, мемлекет басшыларына қызмет көрсету үлкен жауапкершілік. Бәрі мінсіз болуы тиіс”, – дейді президент іс басқармасы «Қараөткел» РМК директорының орынбасары Артем Канцев.

Шет мемлекеттердің басшылары өзімен бірге азық-түлігін әкелгенімен, оны Ақорданың  аспаздары әзірлеп береді. Сондай-ақ, дастарханда отандық өнімнің көп болуына басымдық беріледі екен.

Денсаулыққа пайдалы тағам енген кітап 2 мың данамен шыққан. Жақында сауда нүктелеріне түсетін кітапты жұрт сатып алып, ВИП-шенеуніктер жеп  жүрген  тамақты үйінде отырып-ақ  пісіре алады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз