Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында су тасқыны қаупі сақталуда. Нұра өзенінің жағалауына жақын орналасқан Ботақара, Ростовка, Қаражар, Самарқанд елді мекендерінде құтқару жұмыстары жалғасын табуда. Ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Абай ауданындағы құтқару жұмыстарына 40 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Кертінді мен Мыңбаев атындағы ауылдарды су шайып кету қаупі төніп тұр. Қарқаралы ауданындағы тасжолда әлі де су тартылмаған. Оның аумағындағы 500-ге шақырым жол республикалық деңгейдегі тасжол болып саналады. Ынталы мен Жарлы ауылдарында судың тартылуы байқалады. Сонымен қатар Ақшоқы, Тегісшілдік елді мекендерінде судың деңгейі айтарлықтай азайған. Жаңажол, Бесоба, Жаңатоған, Талды, Атантай елді мекендеріндегі тұрғындарға азық-түлік пен киім-кешек көмек ретінде жеткізілді. Барлық бағыттарда жол жабылды. Қарағандыға аталған елді мекендердің тұрғындары тек пойызбен жетуде. Абай ауданындағы Самарқанд суқоймасында судың деңгейі көтерілуде. Қазір 950-ден астам адам Сарепта ауылына көшірілді. Нұра ауданының Тассуат, Кертінді және Заречное ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/59409-k-shirilude