Батыс Қазақстан облысында Сириядағы қақтығыстарға қатыспақ болған үш азамат сотталды.
Батыс Қазақстан облысының Дамир, Ер-Қосай және Дәурен есімді тұрғындары радикалды діни көзқарасты ұстанып, «Ислам мемлекеті» тобы мүшелеріне қосылып, Сирия, Иран аймағына бармақшы әрі Сирия мен Ирак үкіметінің құрылымдарына қарсы қарулы қақтығыстарға қатыспақшы болған.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, көздеген мақсаттарына жету үшін аталған тұрғындар жиһадқа шақыратын діни әдебиетті оқып, мобильді детонаторды пайдалану жөніндегі көмекші құралды меңгерген, сондай-ақ Сирияда содырлық әрекетке қатысқан облыс тұрғындарымен байланыс ұстап, олармен ұрысқа дайындық және тез жету мүмкіндіктерін талқылаған.
Өткен жылғы 11 қарашада Дамир, Ер-Қосай, Дәурен өткізу бекетінен тыс жерден Қазақстан шекарасын түнгі уақытта заңсыз кесіп өткеннен кейін шекарашылардың қолына түсті.
Сөйтіп олар өздерінің қылмыстық ойларын жүзеге асыра алмады. Орал қалалық сотының үкімімен аталған үшеу Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі, 172-бабы және 392-бабының 1-бөлімі бойынша айыпты деп танылып, әрқайсысы 3 жыл 6 айға жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.
Дереккөз: ИА «Казинформ»