-Бізге қоқиқаздардың өлекселері табылғандығы туралы ақпарат сәуірдің 7-сі күні кешке келіп түсті. Сайын Шапағатов ауылының маңынан 4-5 қоқиқаздың өлексесі табылды. Маңғыстау облыстық экология департаментіне, облыстық жануарларды қорғау басқармасына, ветеринария бөліміне талап-арыздар берілді. Құстардың жаппай қырылуы жоқ. Бір-екеуін сараптамаға алып, қалғандарын көміп кеттік, – деді Маңғыстау облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Омар Сүтбаев.
Кәсіби құстанушы Виктория КОВШАР қоқиқаздардың өлімін Алматыда отырып анықтау мүмкін еместігін айтады. Оның сөзінше, арнайы сараптама жұмыстарына қатысып қана шешім шығаруға болады. Бірақ, саны күннен-күнге азайып бара жатқан, қызылқаздардың өліміне кез-келген нәрсе әсер етуі мүмкін.
– Олардың өлу себебін анықтау үшін көзімізбен көруіміз керек. Сонымен қатар, өлекселердің ара қашықтығы да рөл ойнайды. Бірақ, олардың Қаракөл бағытынан емес, басқа жақтан табылуы түсініксіз. Өйткені, олар топ болып ұшады және Қаракөлге уақытша ғана тоқтайды. Ары қарай Комсомол шығанағында уақытша өмір сүреді. Олардың өліміне түрлі фактор әсер етуі мүмкін, – деді орнитолог.