Қорқыттан қалған қобыздың қоңыр үні Париж тұрғындарын таңдай қақтырды

0
504
6
 Қорқыттан қалған қобыздың қоңыр үні Париж тұрғындарын таңдай қақтырды ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде бабадан қалған асыл мұраны жаңғыртқан концерт өтті. Әлемнің әр қиырынан келген сахна саңлақтары сиқырлы сазға толы көне күйлер мен заманауи әуендерді ұштастырып, өнерсүйер қауымды әдемі әсерге бөледі. Қылқобыз – ішекті аспаптың ең көне түрі. Көнеден жаңаға, бабадан балаға мирас болған саз аспабының астанасы сұлу Сырдың етегін жайлаған ел деседі. Аңызға сенсек, абыз атанған Қорқыт бабаның қоңыр үнді қобызы – түбі бір түркі халықтарына ортақ мұра. Дегенмен ғасырдан ғасырға берілген сазды аспаптың пішіні әр ұлтта әртүрлі. Тек қазақтың қара қобызы ғана бастапқы үлгісінен айнымапты. Сапар Ысқақов, Халықаралық меценаттық академияның академигі: – Түркі елінен 6-7 елдің адамдары келді. Оның ішінде Қазақстаннан 100-ге тарта адамдар келді, оның көбісі – музыканттар. Париж Еуропаның орталығы деп есептейтін болсақ, бұл мәдени орталығы болып табылады. Париж тұрғындарына көрсететініміз – Қорқыт атаның ойлап шығарған қобызы. Оны скрипканың атасы деп айтуға болады. Өнерпаздар бабадан қалған бағзы өнерді дәріптеуде барын салды. Қорқыттың туындыларын толғап, тыңдарманды терең ойға жетеледі. Биыл Қорқыт ата туралы кітаптың жарық көргеніне 200 жыл толады. Бұл жинақ барлық түркі халықтарының әдеби ескерткіші іспетті. Әділ Ахметов, Халықаралық Түркі академиясы тіл, әдебиет және терминология орталығының жетекшісі: – Қорқыт түркі тілдес мемлекеттердің басын біріктіретін, ұйыстыратын үлкен құндылық болып есептеледі. Қорқыт бабамызды сыйламайтын бірде-бір азамат жоқ. Ол Қазақстан бола ма, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан бола ма, ол – бүкіл түркі әлемі өте қастерлейтін тұлға. Айман Мұсақожаева, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры: – Мәдени бағдарлама төл өнерімізді дәріптеп, түркі тілдес халықтардың бір-бірімен достық қарым-қатынасын көрсетуде. Бүгінгі кештің бас кейіпкері Қорқыт ата болып табылады. Оның қалдырған мұрасы елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жандануына сеп болуда. Концертке келген көрермендер жүрек қылын шертетін, тал бойыңды ерітетін қобыздың қоңыр үніне еріксіз елітіп, ерекше тәнті болды. Сазды әуен қазақ сахарасындағы көне заманды, көшпенді халықтың байырғы тұрмысын көрерменнің көз алдына әкелді. Музыкалық кеште скрипканы жанына серік еткен Айман Мұсақожаева да өнер көрсетті.

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/59451-aj-a-tyrdy

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз