Мен былтыр күзде саңлақ саясаткер, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтың осы “Дос керек” әнін ғаламтордан тауып алып, тыңдап едім. Сонда “Сіз 999 999-шы тыңдаушысыз” -деген орысша жазу шығып, интернет сыйлыққа танымдық ойын ұсынды. Одан біраз тел балансына бірлік ұтып алдым. Содан соң қайта-қайта тыңдайтын болдым… яғни, 1000 000-шы, 1000 001-ші, 1000 100-ші… дегендей. Сонда Имаш ағаның бұл керемет әуезді, қоңыр дауысты әнін тыңдағандар миллионнан да асып кеткен екен ғой деп ойлап, өзім миллионыншы болғаныма қатты қуандым…
Шіркін, Әнді бұлай шынайы сезім, шын жүрекпен шырқай білу зор бақыт қой!.. Сондықтан бұл әнді телефонына қойып қойғандар өте көп… Әннің авторлары ақын Шөмішбай Сариев пен композитор Владимир Питерцев болуы керек қателеспесем…
Жалпы, билік басында жүргендердің қазақ әніне, әдеби-мәдени әлеміне жақын болуы елдің ықыласын оятатыны анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлпар мен домбыраның құлағында қатар ойнайтыны қалың елге мәлім. Қазақ қаламгерлерінің қабырғалы шығармаларын түгел оқитын, кез-келген халық әнін, әсем әндерді жатқа айтатын Елбасының әсіресе, Иманжүсіптің әнін керемет орындағанын ғаламтордан көрген ел қатты разы болған еді…
Имаш ағаның достарына адалдығы, қамқорлығы ел ішінде ерекше ықыласпен айтылады. Ол достарының ішінде әйгілі әдебиет пен мәдениет тарландарынан қарапайым ауылдағы кластастарына дейін бар. Осы әсем айтылған әнді тыңдағасын, мен талайдан бері аздап ренжіп, хабарласпай кеткен ауылдағы досым Батырға хабарласып, телефон соқтым… Арадағы кірбің лезде шайылып шыға келіп, шайдай ашылған көңілмен шәйі орамалды кептіріп, емен-жарқын әңгімелесіп кеттік… Мен оған сөзімнің соңында “Сен мына әнді тыңдашы” деп, телефонына осы Имаш ағаның орындауындағы “Дос керекті” жібердім. Жарты сағаттан соң, “Сенің неге телефон соққаныңды енді түсіндім… Бұл әнді мен бірінші тыңдағанда өзім бірінші хабарласар едім… Алдымен Имекеңе рахмет, содан соң саған ризамын” -деп ағынан жарылды ол да… Бұндай оқиға тек менің ғана басымда болмағанына айқын сенемін…
Ән мен әнші құдіреті деген осы! “Егер Имекең әнші болып кеткенде қазіргі жұлдыздарымыз қайтер еді”-деген де ой келеді. Бірақ, құдай сақтап, саясаткер болғанына Аллаға шүкір. Әйтпесе, дарынға бай қазақта әншілердің саны бір адамға көбейгенімен, саусақпен санарлық саясаттағы саңлақ тұлғалардың арасында орны ойсырап тұрар еді…
Алаштың маңдайына туған ақберен тұлға, асыл ағамызға Алла жар болсын деп тілейік!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz