Қазақстан мен Түркия 17 меморандумға қол қойды

0
633
1.1
Қазақстан мен Түркия сауда қарым-қатынастан инвестициялық байланысты арттыруға көшті. Бүгін Астанада екі елдің Президенттерінің қатысуымен іскерлік форум өтті. Оның аясында құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 меморандумға қол қойылды. Енді түрік кәсіпкерлері қазақ металлургиясына, мұнай-газ, химиялық өндіріске және экономиканың тағы да басқа секторларына инвестиция салмақ. 1 миллиард 800 миллион АҚШ доллары. Бұл Түрік елінің қазақ экономикасына соңғы 10 жылда салған инвестициясы. Қазақстанда жұмыс істейтін 1500 кәсіпорында түрік капиталының үлесі бар. Ендігі мақсат – екі елдің өзара сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Бүгін біз Президент мырзамен әр салалы келіссөздер жүргіздік. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас, дүниедегі шиеленіскен жағдайлар, экономикалық болашақ, іскер адамдардың жұмысы, барлық саладан біз пікір алыстық және құжаттарға қол қойдық. Алғашқы жылдары Қазақстан қалай өркендеп өседі, қай жаққа барады ешкім білген жоқ. Сенім де болған жоқ. Сол кездегі ең алғашқылардың бірі болып келген түрік компанияларына алғысымызды білдіремін. Оның ішінде Бекен Оқын, Оқан мырза, Ахмет Аян мырза, басқаларға да өзімнің ризашылығымды білдіремін. Біздің елдеріміздің географиялық жақындығы, мәдени-гуманитарлық, тарихи байланыстағы тағдыры экономикалық әлеуеттегі өңірлік іс-қимылды арттыруға бағытталуы тиіс. Біз өз тарапымыздан инвестициялық қолдау, жан-жақты көмектің барлық түрін инвесторларға жасаймыз. Бүгін іскерлік форум аясында құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 меморандумға қол қойылды. Бұл жобалар алда Қазақстан мен Түркияның бірлескен индустриалды аймағында көрініс табады. Нақтырақ айтқанда, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек шығару, тоқыма мен былғары жасау бойынша біріккен өнеркәсіптер ашу жоспарланып отыр. Ерлан Сағадиев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары: – Түріктер бизнестегі қауіп-қатерлерді де, бізде жасалған мүмкіндіктерді де жақсы түсінеді. Сондықтан олар біздің нарыққа өте белсенді араласуда. Түркиялық кәсіпкерлер банк жүйесіне, қызмет көрсетуге, ауылшаруашылығына, жалпы барлық секторға инвестиция салып жатыр деп айтуға болады. Бүгіннің өзінде Қазақстан бауырлас Түрік елімен бірлесе жалпы құны 3,5 млрд доллардан асатын 35 инвестициялық жобаны жүзеге асырып отыр. Серафиттен Шишелэ, Эмек Бору компаниясының бас директоры: – Біз ОҚО-да құны 30 млн. долларды құрайтын инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Темір құбырларын өндіру бойынша. Кейін өнімді Тәжікстан, Қырғызстан, Иран мемлекттеріне экспорттаймыз. Бауырлас елдердің бағыты бір. Қазақ Үкіметі айқындаған экономиканың басым алты секторын дамыту. Бұл бізді шикізат тәуелділігінен босатуға мүмкіндік береді.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/ekonomika/item/59505-ojdy

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз