Соңғы жарты айда алғаш рет мұнай баррелі 63 долларға көтерілді

0
414
 1.2
Алғаш рет жарты айдың ішінде мұнайдың бір баррелінің бағасы 63 долларға көтерілді. Бірақ біраздан кейін қара алтын құны қайта түсті. Мұнай нарығындағы кез келген, тіпті кішкене өзгерістің өзі үлкен толқу тудырады. Себебі қара алтын бағасының құбылуы еш болжамға сай келмейтін болған. Соңғы онжылдықта бірінен кейін бірі тұтанған қақтығыстар әлемдік мұнай өндірісіне тікелей әсер етіп келеді. Йеменді бомбалау шиіттік Иран мен сүнниттік Сауд Арабиясы арасындағы текетіресті күшейте түсті. Тегеран ОПЕК-ті қара алтынды өндіруді 5%-ға қысқартуға шақырды. Ал сарапшылар мұндай ұстаным ОПЕК-ке мүше елдерді бірнеше жікке бөлуі мүмкін дейді. Иран болса, санкциялар алынған соң экпорт көлемін арттыру мүмкіндігіне толық ие болады. Осындай шақта нарықтағы жағдайдың қалай өзгеретінін қазір ешкім тап басып айта алмай отыр. Патрик Шоувиц, JP MORGAN сарапшысы: – Иранға салынған санкцияларды алу қазір ең маңызды факторға айналды. Әзірге мұнай бағасы өсіп жатыр. Бірақ санкциялардың алынуы бағаны одан сайын шарықтатуы мүмкін. Тақтатас өндірушілері үшін бағаның құлдырауы мен әлемдік мұнайды өндіруді арттырудың залалы бірдей. Қазірдің өзінде АҚШ-та бұрғылау қондырғыларының саны қысқарды. Кезінде тақтатас саласындағы өрлеу Американың мұнай өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бірақ мұндай кеңшілік бағалар түскенше ғана жалғасты. Мамырдан бастап тақтатас мұнайын өндіру төмендей бастайды деген болжам бар. АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі 2014 жылдың маусымында, күніне 4,68 млн баррельді, 2014 жылдың желтоқсанында күніне 5,33 млн баррельді құрады. 2015 жылдың сәуірінде күніне 5,62 млн баррель өндірілмек. Ал 2015 жылдың мамырында күніне 5,56 млн баррель өндіріледі деген болжам бар. Кейбір сарапшылар қара алтынның бағасы ең төменгі шегіне жетті, енді алдағы апталарда мұнай бағасы ақырындап көтерілуі мүмкін дегенді айтады. Десе де, бұл үрдіс саяси шешімдерге тікелей байланысты болмақ.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/59524-k-terildi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз