Қазақстан мен Түркия құны $800 млн болатын 19 жоба құжаттарына қол қойды

0
382

Түркия – Қазақстанның ең жақын, сенімді саяси және экономикалық әріптесінің бірі. Бұл туралы Ақордада Түркия президенті Реджеп Ердоғанмен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысын өткізгеннен кейінгі бірлескен мәлімдемеде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

prezident_520.jpg

“Бауырлас Түркия мемлекетінің президенті Реджеп Тайып Ердоғанға шақыруымды қабыл алғаны үшін осы сапарына көп ризашылығымды білдіремін. Ердоған мырза Президент лауазымында Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапар жасап отыр. Бұл сапар стратегиялық серіктестіктің жаңа парағын ашты деп айтуға болады”, – деді президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, тәуелсіздігімізді ең бірінші болып таныған бауырлас Түркияға Қазақстан халқының құрметі ерекше.

“Бүгінде біз қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтейік деп отырмыз. Сондықтан, Түркия басшысының бұл сапарының символдық мәні бар. Түркия – Қазақстанның ең жақын, сенімді саяси және экономикалық әріптесінің бірі. Ортақ тарихи тамырдан нәр алатын байырғы байланыстарымыз қазір стратегиялық сипат алып отыр”, – деді елбасы.

Сонымен бірге Назарбаев өткен жылы Қазақстан мен Түркияның өзара тауар айналымы 3,5 млрд долларды құрағанын атап өтті.

“Қазақстанда көптеген түрік компаниясы табысты еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істейтін 1600-ден астам кәсіпорында түрік капиталының үлесі бар. Түрік бизнесі жаңа елорданың құрылысына белсене атсалысқанын айрықша атаған жөн”, – деді президент Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Түркия компанияларының Қазақстанда атқарған мердігерлік жұмысының жалпы ауқымы 20 млрд долларға жақын.

“Бүгінде 1,5 млрд долларды құрайтын инвестициялық 14 жоба бойынша жұмыс жалғасуда. Екі елдің өзара тауар айналымы өткен жылы 3,5 млрд доллар болды. Бұл бұрынғы көрсеткіштен аздау. Себебі дүниедегі дағдарыс бізге де ықпалын тигізіп отыр”, – деді елбасы.

Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан Түркияның ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құру ниетін қолдайтынын Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

“Еуразиялық экономикалық одақ та түрік бизнесіне жаңа нарыққа шығуға жол ашады. Қазақстан Түркияның Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда құру ниетін қолдайды”, – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті сонымен бірге әскери және техникалық салаларда ынтымақтастық жүйелі дамып отырғанын, мәдени-гуманитарлық саладағы табыстар да айтарлықтай екенін атап өтті.

“Елдеріміз әлемдік қауымдастықтың белді мүшелері ретінде өңірлерінде маңызды рөл атқарады. Өңірлік тұрақтылық, халықаралық қауіпсіздік және бейбітшілік мәселелеріне белсене ат салысады. БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК аясында ынтымақтастық дамып келеді. Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ арасында ықпалдастықтың деңгейі жоғары”, – деді елбасы.

Өз кезегінде Түркия Қазақстанның халықаралық алаңдағы бастамаларын барынша қолдайтынын Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған мәлім етті.

“Түрлі халықаралық платформаларда кандидаттығымыз тұрғысында екі ел өзара қолдауын жалғастыруда. Қазақстанның 2017-2018 жылдары болатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілетуде Түркия міндетті түрде қазақ халқына барынша қолдау жасайтын болады. Осы орайда біздің қажетті құрылымдар тиісті көмегін жасайтындығын атап өткім келеді”, – деді Реджеп Тайып Ердоған.

2016 жылы ЭКСПО Анталияда өтетіндігіне тоқталған ол, осыған байланысты Қазақстанды осы халықаралық көрмеге қатысуға шақырды.

“2017 жылы ЭКСПО Қазақстанда өтеді және Түркия Астанадағы осы халықаралық көрмеге қатысуды жоспарлап отыр”, – деді Түркия басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия бизнес-форум аясында сомасы 800 млн доллардан астам 19 жоба бойынша құжаттарға қол қойды, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігіне сілтеме жасап ҚазТаг.

“Қазақстан мен Түркияның 2012 жылы қол қойылған “Жаңа синергия” экономикалық бағдарламасы аясында өзара ынтымақтастықты дамытып келе жатқандығы белгілі. Бұл бағдарлама сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік саласы және логистика, туризм және тағы басқа салаларда бірлескен жұмыстырын ширата түсті”, – делінген бейсенбідегі министрлік хабарында.

Ақпарға сәйкес, дайын өнімдерді шығаратын бірқатар шағын және орта кәсіпорындар тамақ және жеңіл өнеркәсібі, құрылыс индустриясының инвестициялық жобаларды іске асыра бастады. “Оңтүстік” ЕЭА-ғын түріктердің басқаруына беру туралы келісім бар. Одан бөлек, қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру мәселесі қарастырылуда. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – екі елдің көліктік-транзиттік әлеуетін дамыту. Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралін жаңадан салынып жатқан Ахалкалаки (Грузия) – Карс (Түркия) теміржол желісімен интеграциялау мүмкіндігі қарастылуда.

Оған Баку және Ыстамбұл порттары арқылы жаңа Мармарай теміржол туннелімен Еуропа елдеріне шығуға болады. Қазіргі уақытта “Жаңа синергия” экономикалық бағдарламасы аясындағы жұмысты ширату жөнінде алғашқы жобалардың тізбесі жасақталды. Оған жалпы сомасы 2,8 млрд доллардан астам 23 бизнес- бастама енді. Оның ішінде бизнес-форум аясында сомасы 800 млн доллардан астам 19 жоба бойынша құжаттарға қол қойылды.

Олар бойынша алюминийден жасалған радиаторлар, терезе және есік аксессуарлары, гидроизоляциялық және жабу материалдарын, болат құбырлар, фибробетон және фомбетонагидропондық жасыл жем, сонымен бірге коммерциялық және әскери кемелер салу, теңіз арқылы тасымалды дамыту көзделуде.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз