Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға $20 млрд жұмсайды

0
433

Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалының барынша көп бөлігін Қазақстан арқылы өткізу жоспарланып отыр.

Фото: © AP Photo/ Alexander F. Yuan
Фото: © AP Photo/ Alexander F. Yuan

Бұл туралы бүгін Астанадағы “Еуразияны құру: Жібек жолының экономикалық белдеуі” атты халықаралық конференцияда Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

“Сарапшылардың болжамына қарағанда, 2020 жылға қарай Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының көлемі 170 млн. тоннадан асып түседі. Бүгінде бұл жүктердің негізгі бөлігі теңіз арқылы тасымалданады. Атап айтқанда, біз өз алдымызға жүктің барынша көп көлемін Қазақстан, Ресей аумағымен  құрлық арқылы жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Осы тұрғыда біз бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырудамыз”, – деді министрдің бірінші орынбасары.

Осы орайда Жеңіс Қасымбек бірқатар жобалардың арасындағы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің мән-маңызына тоқталып өтті.

Ол сондай-ақ  алдағы 4  жылда көліктік саланың жобаларында 200 мыңға тарта жұмыс орны құрылатынын да тілге тиек етті.

“Қазақстан ҚХР-дың Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бойынша бастамасын қолдай отырып, бұл бағыттағы шаралар сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық байланыстарды тереңдете түсетініне сенімді. Осы тұрғыдағы мақсаттарда Қытай Үкіметінің тарапынан Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азия банкін және Жібек жолының қорын құру ұсынылды. Олар өз кезегінде Жібек жолы бойында көліктік инфрақұрылымды қаржыландыратын болады”, – деді Қасымбек.

Осы орайда ол Жібек жолы экономикалық белдеуі мен президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Нұрлы жол” жаңа экономикалық саясатпен үйлесімді екенін айта келе, “бұл саясат таяу жылдары біздің экономика өсімінің қозғалтқышы болуға негізделген. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында тек көліктік саланың жобаларында  алдағы 3-4 жылда 200 мыңға тарта жұмыс орнын құра аламыз”, – деді.

Қасымбектің сөзіне қарағанда, 2020 жылға дейін қаржыландырудың түрлі көздері есебінен көлік саласын дамытуға 20 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы инвестициялау жоспарланып отыр. Бұл бағытта бюджеттің, Ұлттық қордың, сондай-ақ қарыз ретінде тартылған қаржылар қамтылмақ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз