Алматыдағы ең қымбат көшенің тұрғындары өздерінің орта ғасырда қалып кеткенін айтты

0
421

Алматының ең көрікті әрі қымбат бөлігінде ортағасырдағыдай күн кешіп отырған тұрғындар бар екен.

Photo: Алматыдағы ең қымбат көшенің тұрғындары өздерінің орта ғасырда қалып кеткенін айтты
Қаланың әл-Фараби даңғылында орналасқан ескі үйлерде мекен ететін тұрғындар сегіз жылдан бері сергелдең күйдеміз дейді.

Қалалық өркениеттен ада пәтер иелері тозығы жеткен үйлердің не сүрілмегенін, не жөнделмегенін айтады.

Әлемнің ең қымбат әрі көрікті көшелерінің бірі саналатын Алматының әл-Фараби көшесінен он қадам жерде бой көтергеніне жарты ғасырдан асқан ескі үйлер бар. Өздерін “орта ғасырда қалып кеткенбіз” деп санайтын мұндағы тұрғындар бүгінгі тұрмыстарына наразы.

“Полиция келмейді. Бізге жаңа әкім келді. Жаңа әкім бірде-бір рет келіп көрген жоқ. Бірде-бір әкім, олардың орынбасарлары, Бостандық ауданының архитекторы бар, солар келіп біздің жағдайымызды сұраса болады ғой. Біз 21 ғасыр емес, 20 ғасырда өмір сүріп жатқан сияқтымыз”, – дейді қала тұрғыны Ербөлек Мұратбек.

Аулаға кіргендегі көрініс: тозығы жеткен қос қабатты үйлер, шашылған қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар. Жарықтандыру мен ойын алаңы атымен жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұл аумақта дәл осындай қос қабатты 11 үй мен бірнеше жер үй қалған.

2007 жылы ескі үйлерді сүріп, орнына көпқабатты тұрғын үй салу бағдарламасына іліккен пәтер иелері түгелдей көшіп үлгермеген. Тек осы аумаққа құрылыс жүргізетін компания тұрғындардың барлығына өтемақы төлемеген.

Тұрғындардың айтуынша, компания қаражаты таусылып, өздерін банкрот жариялаған. Ал құрылыс компаниясының заңгері тұрғындарға қаланың өзге бөлігінен пәтер беру туралы ұсыныстар жасалғанын айтады.

Ал тұрғындар бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы. Олардың шатыры тесік, қабырғасы құлаған, ауласы қараңғы үйлерді жөндеп беріңдер деген талабына компания заңгері басшылыққа жеткізейін деп жауап қайырды.

Жұртта қалғандай күн кешіп жатқан тұрғындар пәтерімізге нарық бағасымен өтемақы бермесе әлі 20 жылға дейін тұра береміз деген ұстанымда.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз