Астана қаласы әкімдігі мен Beeline Қазақстан 2015 жылы Астананың жүз қоғамдық көлігінде тегін ғаламторды іске қосу бойынша келісті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. 2015 жылдың 17 сәуірінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев Beeline Қазақстанның бас директоры Тарас Пархоменкомен кездесу өткізді. Кездесу барысында Beeline Қазақстан компаниясы 2015 жылы Астананың 100 қоғамдық көлігінде тегін ғаламтор жүйесін іске қосатыны туралы келісілді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 50 қалалық автобус жолаушылары тегін ғаламторды қолдана бастаса, 1 қазаннан бастап тағы 50 автобуста тегін интернет іске қосылады. «Бүгінде смартфондар мен планшеттерді пайдалану деңгейі күн санап артып келеді. Елорда тұрғындары үшін мобильді ғаламтордың кез келген жерде қолжетімді болуына қажеттілік туындап отыр. Аталған жобаның басымдығы – жолаушылардың барлығына бірдей қолжетімді болуында және бұл ретте олардың қай байланыс операторының қызметін пайдаланатыны маңызды емес», – деді әкім орынбасары Нұрәлі Әлиев.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/59739-da-bolma