Әлемде тағы бір шағын мемлекет пайда болды. Аумағы небары 7 шаршы шақырымды құрайтын жаңа ел Либерленд еркін республикасы деп аталды. Ол Сербия мен Хорватия арасындағы орманды өлкеде орналасқан. Ал чехиялық «Еркін азаматтар партиясының» өкілі Вит Едличка өзін осы мемлекеттің президентімін деп жария етті. «Мұнда салық төлеу ерікті түрде жүзеге асырылады», – дейді жаңа елдің басшысы. Содан болар республика азаматы болуға ниет білдіргендердің қатары жетіп артылады. Қазірдің өзінде электрондық пошта арқылы он мыңдаған адам биліктен жауап күтіп отыр. Себебі азаматтық алу үшін үміткер коммунист, ұлтшыл және экстремист болмауы тиіс», – дейді ел президенті. Вит Едличка, Либерленд президенті: – Қазір біз азаматтық алуға ниет білдірген адамдардың өтініштерін қарастырып, сайтымызға қызығушылық танытқан тұлғаларды зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар әлем елдерімен байланыс орнату үшін дипломатиялық нота жіберіп, жаңа мемлекеттің пайда болғаны туралы мәліметті таратып жатқан жайымыз бар. Айта кетейік, жер жаһанда дәл осындай ондаған шағын ел бар. Бірақ халықаралық ұйымдар оларды көбіне елей бермейді. Жаңа елдің ең жақын көршілері Хорватия мен Сербия да әзірге ешқандай ресми мәлімет жасаған жоқ.
Источник: http://95.56.240.18/kz/zhanalyktar2/lemde/item/59763-pajda-boldy