Қазақстан баламалы қуат көздерін дамыту бағытында атқарып жатқан ғылыми, өндірістік шараларымен әлемде алдыңғы қатарға шықты.
Бұл – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен халықаралық конференцияда айтқан шетелдік ғалымдардың пікірі. Дәстүрлі басқосуда еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы арқылы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге жету жолдары талқыланды. Ғалымдар әлем мойындаған жаңалықтарымен таныстырды. Профессор Қайрат Исмағұловтың ойлап тапқан құрамында сутегі аз болат машина жасау өндірісінде өте жоғары сұранысқа ие болған. Шетелдік машина жасаушылар арзан әрі өте төзімді металға қатты қызығушылық танытып отыр. Ал «жасыл» экономика бағытындағы ғалымдардың жаңалықтары ЕХРО-2017 көрмесіне қатысқалы жатыр. Бір топ ғалымның биогазды жылдамдатып өндіру жөніндегі технологиясы әзірге тек бізде ғана бар. Өнертапқыш топтың еңбегі халықаралық деңгейде бағаланды. Бүгінгі бар технология бойынша шикізат 24 күн дегенде биогазды белсенді түрде бөле бастайды.
Ботакөз Мүтәлиева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ биотехнология кафедрасының доценті:
– Біздің университетте осы проблема бойынша жұмыс жасалды. Біз иммобилизация жасайтын қондырғы ойлап таптық. Сол қондырғыны пайдаланса, биогаз 7 күнде бөлінеді. Бұл өте тиімді деп саналады.
Идара Эквэ, Джоржия мемлекеттік университетінің профессоры:
– Қазақстанда ғылым керемет дамығанын көрдім. Жалпы, «жасыл» энергетика бойынша күн сәулесінен, желден алынатын қуатты арттыру жобалары елдің экономикасын өрге сүйрейді. Бұл болашақтың энергиясы. Осы бағытта қазақстандық ғалымдардың жетістігі көп екен.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/59820-ndyrdy