Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен-ЕХРО» байқауына дайындық басталды.
Өңірде жасыл технология саласындағы инновациялық жобалар сайысы осымен екінші жыл өткізіліп отыр. Бірақ бұл жолы шара республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Қарағанды, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстанның өнертапқыштары көрмеге қатысуға ниет білдіріп, өз жұмыстарын жолдаған. Сондай-ақ оқушылар үшін «Джуниор-ЕХРО» аталымы да қарастырылып отыр. Мәселен, дәл осы сайыста Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ілияс Бекпаев өз жобасын көпшілік назарына ұсынады. Ол зымырандардың ескі двигательдерінен электр мен жылу шығаратын қондырғы ойлап тапқан. Сонымен қатар көрмеде жел стансасы, ақылды үй жүйесі, энергия үнемдеудің инновациялық тәсілдері де таныстырылмақ. Байқау Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесін насихаттау үшін өткізіліп отыр. Үздіктер әлем көз тіккен ауқымды шараға қатысуға мүмкіндік алады.
Алтынай Мұқанова, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:
– Жобаның үлгісін дайындауға қордан 200 мың теңге бөлеміз. Егер өнертапқыштың қандай да бір идеясы болса, осы қаржыға өз жобасын жасап, көрсете алады. Бастысы, бұл шараға ересектермен қатар оқушылардың да қатысуына болады.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/ekonomika/item/59811-nuda