Әлемнің ең ықпалды 100 адамы белгілі болды

0
445

mirvrukah

Осы апта ішінде Голливудта Америка кино өнері жұлдыздарының қатысуымен мәртебелі «MTV Movie Awards» кино сыйлығын табыс ету шарасы өтті. Айта кетерлігі, бұл сыйлық иегерлері халықтың дауыс беруі нәтижесінде іріктеледі. Мұнан бөлек, бейсенбі күні «Time» журналы әлемдегі ең беделді 100 адамның тізімін жария еткен болатын.

«MTV Movie Awards» сыйлығы табысталды

Ағымдағы жылы ең үздік фильм мәртебесі «Жұлдыздар кінәлі» мелодрамасына берілді. Шейлин Вудли үздік актриса атанса, бұл аталымда ерлер арасында «Мерген» атты әскери драмада басты рөлде ойнаған Брэдли Куперге тең келер ешкім болмады.

Жексенбі күні кешкісін Голливудтың Nokia Theatre кинотеатрында 24-ші «MTV Movie Awards 2015» кино сыйлығын табыстау салтанатты шарасы өтті. Шараға қазіргі заманғы ең үздік әрі  танымал Скарлетт Йоханссон, Дженифер Лопес, Марк Руффало, Кара Дельвинь сынды көптеген кино жұлдыздары қатысты.

Бұл сыйлықтың түбегейлі ерекшелігі жеңімпазды іріктеу жүйесінде  десек те болады. «Оскар» сыйлығымен салыстырғанда үміткерлердің тағдырын киноакадемия төрешілерінің мүшелері емес, MTV-дің ресми сайтындағы дауыс беруге қатысқан көрермендер шешеді.

Кешті американдық сценарийші, продюсер әрі актриса Эми Шумер жүргізді. Әдеттегідей жеңімпаздар поп-корн салынған шелек түріндегі мүсіншелерге ие болды. «Жыл фильмі» атты мәртебелі аталым бойынша басты сыйлық осы жолы «Жұлдыздар кінәлі» атты жастар драмасына берілді. Жазылмас дертке душар болған екі жастың қарым-қатынасы жайында сыр шертетін бұл туындыны режиссер Джош Бун түсірген. Фильм өзегіне 2012 жылы жарық көрген американдық қаламгер Джон Гриннің фильммен аттас романы түрткі болған.

Дәл осы фильмде бас рөлде ойнаған Шейлин Вудли «Үздік әйел рөлі» аталымындағы сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар MTV-нің сүйікті актрисасына айналған ол аталған фильмде Энсел Эльгортпен жақсы сүйіскені үшін поп-корн салынған шелекке және «MTV Trailblazer Award»-тың ерекше сыйлығына ие болды.

Режиссер Клинт Иствудтың «Мерген» туындысында басты рөлді сомдаған Брэдли Купер үздік актер атанды. Фильм лаңкестердің жаналғышына айналған АҚШ армиясының мергені Крис Кайлдің драмалық өмірінен сыр шертеді.

«Орманға бойлай енгенде» мюзиклінде жалмауыздың рөлін ойнаған Мерил Стрипке «Үздік мыстан» сыйлығы табысталды. Ал «Мачо мен ботан – 2» туындысына түскен Ченнинг Татум «Үздік комедиялық рөл» сыйлығын алды.

«Қатты қорқыту» стиліндегі үздік рөлі үшін сыйлығы «Табынушы» атты эротикалық триллерде мұғалімнің рөлін сомдаған Дженнифер Лопеске бұйырды.

«Көршілер. Соғыс соқпағында» фильмі «Үздік дуэт» (Зак Эфрон мен Дейв Франко), «Үздік WTF-сәті» (Сет Роген мен Роуз Бирн) және «Майкасыз үздік шығу» (Зак Эфрон) санаттарында 3 сыйлыққа ие болды.

«Time» журналының нұсқасы бойынша ең ықпалды адамдардың Топ-100

Бейсенбі күні американдық «Time» журналының редакциясы ғаламшардың ең ықпалды жүз адамының  рейтингін түзген болатын. Аталған тізімге әдетте көрнекті саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері, спортшылар мен өнер адамдары кіреді. Бұл тізім соңғы 16 жыл бойы жасалып келе жатыр. Ол «алпауыттар», «көшбасшылар», «пионерлер», «әртістер» және «икона» атты 5 санаттан тұрады әрі олардың әрқайсысына 20 адамнан кіреді. Іріктеу басылымның сайтында дауыс беру арқылы жүргізілгенімен соңғы шешімді басым редакциясы жасайды.

Сауалнама нәтижесіне орай басылым қызметкерлері 5 нөмір дайындады. Журналдың сыртқы мұқабасына Канье Уэст («алыптар»), журналист Хорхе Рамос («көшбасшылар»), балерина Мисти Копленд («пионерлер»), Брэдли Купер («әртістер») және судья Рут Бейдер Гинзбургтің («икона») суреті басылды.

11 сәуірде аяқталған журнал оқырмандарының дауыс беруі нәтижесінде ғаламшардың ең ықпалды бастапқы он адамның тізіміне Ресей президенті Владимир Путин, рэп-әншісі Ли Че Рин,  Леди Гага, Рианна, Тейлор Свифт, Эмма Уотсон, Далай-лама, пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай, Бейонсе және Рим папасы Франциск кірді.

Ағымдағы жылы ғаламшардың ықпалды адамдарының жүздігіне 40 әйел кіріп отыр. Олардың ішінде барша әлемдегі әйелдердің білім алуға қолжетімділігін жақтап жүрген пәкістандық құқық қорғаушы 17 жастағы Малала Юсуфзай бар. Ол бұл тізімдегі ең жас ықпалды адам болып тұр. «Time»  журналының  Топ-100-дігінің лауреаты атанған ең қарт адам 88 жастағы Тунис президенті – Беджи Саид Эссебси.

Американдық журнал әлемнің ең ықпалды 100 адамының тізімін алғаш рет 1999 жылы жария еткен болатын. Ол кезде бұл тізілім 20 ғасырдың ең ықпалды адамдарына арналған еді. Сол уақытта бері басылым жыл сайын бұл тізімді түзіп, жария етіп келеді.

inform.kz

http://qamshy.kz/?p=22833

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз