Заманға сай қондырғыларымен жабдықталған кешенде жоғары сортты қияр өсірілуде.
Болашақта қызанақ та өсірілмек. Диқандар бұл жерден жылына мың тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады. Оның 85%-ын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қаржыландырған. Ал қалғанын кәсіпкерлердің өз қаражы. Кешенге баратын жол мен жарық және газ құбыры «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде тегін жүргізіліпті. Наргиза Шеримова жылыжайда енді піскен алғашқы қиярларды жинап жүр. Ол көкөніс егудің қыр-сырын жақсы біледі. Себебі әкесінің қасында жүріп үйренді. Жылыжайға жақында ғана жұмысқа орналасқан. Енді мұндағы жаңа техниканың тілін меңгерсе болғаны.
Наргиза Шеримова, «ҚазАгроном» ЖШС қызметкері:
– Бұрын жұмыссыз едім, жақында осында орналастым. Еңбекақым жақсы. Мұнда өнімдерді жинаймыз, қияр сабағын күтіп-баптаймыз. Жұмыс ауыр емес, үйреніп қалдым.
Индустрияландыру картасына енген жылыжай 50 адамды жұмыспен қамтыды. Негізгі технология италиялық, барлығы автоматтандырылған. Қондырғы суға қосылған тыңайтқышты қажетті мөлшеріне қарай беріп тұрады. Тамшылатып суару әдісі өнімділікті екі есеге дейін арттырады. Бұл өнім бағасына да оң әсер етеді.
Мұхтар Қошқаров, «ҚазАгроном» ЖШС құрылтайшысы:
– Несие он жылға 6%-бен берілген. 7-8 жыл ішінде құтылуымыз керек. Бірақ жалпы біздің есеп бойынша, бизнес-жоспарға сәйкес 4,5-5 жыл арасында толық құтылып, Құдай қаласа, өзіміздің жекеменшік инвеститциялар қайтып келуі керек.
Сабағынан жаңа үзілген көкөніс дәмді болады. Сондықтан қожалықтағылар жылыжай көлемін үш есеге дейін арттырып, қиярға қоса қызанақ өсіруді жоспарлап отыр. Осылайша, жыл он екі ай өнім жиналады. Бүгінде күнгейдегі жылыжай кешендерінің жалпы аумағы 910 гектардан асып жығылады. Яғни ел бойынша жылыжайдың 87%-ы осы өңірде.
Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Мемлекет тарапынан қазір үлкен көмектер бөлініп жатыр. Биылдың өзінде жылыжай шаруашылығын субсидиялауға 2 миллиард 100 миллион теңге бөлінген. Қосымша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым салынып жатыр. Сонымен қатар инвеститциялық субсидия беріліп жатыр. Сондықтан осы шаруашылықтың қарқынды дамуына толық мүмкіншілік бар.
Диқандар өңірдегі жылыжайлардан былтыр 150 мың тонна өнім жинаған. Оның төрттен бір бөлігі экспортталыпты. Биыл көкөніс одан да көп болмақ. Себебі жыл соңына дейін тағы 100 гектар жерге жылыжай кешені салынады деп болжанған.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/59899-ashyldy