Алматы облысында жесір қалған 38 жастағы әйелді қайнағасына тұрмысқа шығуға мәжбүрлеуде. Әйел бас тартқан жағдайда қайын жұрты балаларын тартып аламыз деп қорқытқан. Қайтыс болған күйеуінің туыстары ерсі әрекеттерін бұрынғы әмеңгерлік дәстүрімен түсіндіреді.
Иллюстративті фото
Бұл туралы Радиоточкаға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Этнографтардың айтуынша, қазақтар бұрындары әмеңгерлік дәстүрінің арқасында бірнеше әйел алған. Кей аймақтардағы қазақтар бұл дәстүрді әлі күнге дейін сақтауда.
“Қазақтар табиғатында жетімдер мен жесірлерді демеумен болған. Сол себепті әмеңгерлік дәстүрін сақтаған. “Әмеңгер” деп қайтыс болған туған ағасының немесе інісінің жесіріне үйленген адамды айтады. Осылайша, жесір әйел панасыз қалмайды, ал жесірдің баласы өз ағайын-туыстарының ортасында өседі”, – дейді этнограф.
Алматы облысының 38 жастағы тұрғыны Аида әмеңгерлік жайлы хабарсыз болатын. Мұндай дәстүрдің барын ол бір жыл бұрын күйеуі қаза болғанда білді. Қырқынан кейін қайын енесі дәстүр жайлы айтқан. Қазір жесір әйел әрі қарай не істейтінін білмей отыр.
“Менің екі балам бар. Күн ұзаққа балаларды бағып, үйге қараумен болатынмын. Күйеуім бізді толықтай қаржылай қамтамасыз етіп отыратын. Бір жыл бұрын ол көлік апатына түсіп, қайтыс болды. Біз ата-анасымен бірге тұратынбыз. Ал күйеуімнің ағасы өз отбасымен бөлек тұрады. Күйеуімнің қырқы өткеннен соң, қайын енем күйеуімнен 4 жас үлкен ағасына әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуым керектігін айтты. Шықпаған жағдайда олар балаларымды тартып алмақшы. Біреудің отбасына араласқым келмейді, балаларымнан да айырылғым келмейді. Не істерімді білмей отырмын”, – дейді Аида.
Қазіргі уақытта бұл дәстүрдің қай аймақтарда сақталып, қаншасы әмеңгерлікпен отбасылы болғаны жайлы мәліметтер жоқ.
“Меніңше, аталмыш дәстүр айтарлықтай таралған. Десек те, бұл әлеуметтік құбылыс емес. Әлеуметтік құбылыс өте ауқымды болуы шарт. Сол себепті біз мұны есепке алып, орын алу мүмкіндігін қарастырмадық”, – дейді “Стратегия” қоғамдық қорынының басшысы Гүлмира Илеуова.
Көпнекелілік – қоғамда талай талқыға алынған мәселе. Алматылық тұрғын Марат мұны заңдастыру қажет деп есептейді. Оның ойынша, бұл қадам демографияны түзетіп, жалғызбасты әйелдер санын азайтуға, жезөкшелікті жоюға септік болады. Мараттың өзінде әр қалада тұратын 3 әйелі бар екен.
“Кіші әйелім Қарағандыда тұрады. Ол менен 20 жас кіші. Біздің отбасылы болуымызды бірінші кезекте анасы құптады. Мен оны қаржылай қамтамасыз етіп отырамын. Ол болса маған ұл тауып берді. Үлкен әйелім басында қарсы болған. Себебі, біз Кеңес кезеңінде тұрмыс құрдық. Ол мұндайға үйренбеген болатын. Ақыры келісімін берді. Мен 3 әйелмен тоқтайын деп отырған жоқпын. Тағы бір әйел алмақшымын. Ислам дінінде бұл рұқсат етілген”, – дейді 55 жастағы Марат.
Алматылық имамдардың бірі көпәйелділікпен неке талай рет қиылғанын жасырмады. Ал кейбір діншілдер тіпті 3-4 әйел алып жатады екен. Негізінен олар – қаржылай бірнеше отбасын қамтамасыз ете алатындар.
“Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді”, – дейді имам.
Көпнекелілік жайлы танымал суретші Аңсаған Мұстафа талай естіген болатын. Ол мұндай некелер көп болмаса да толассыз талқыға алынатыдығын айтуда.
“Кезінде бірнеше әйелді қазіргідей еріккеннен алмайтын. Шайқас кезінде ер кісілер жиі қаза болатындықтан, жесірлерге үйлену таңсық болмайтын. Қазіргі жігіттер жесірлерді алғысы келмейді. Олар жас, сұлу қыздарды алып, өмірлерін ойран етуде”, – дейді суретші.
Дереккөз: NUR.KZ