Қарағанды облысында «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешені ашылды.
150 адамға арналған орталықтың құрылысына 5,2 миллиард теңге жұмсалды. Заманауи шипажай білікті мамандармен қатар, халықаралық талаптарға сай үздік техникамен жабдықталған.
ҚР Президенті Іс Басқармасына қатысты сауықтыру кешенінің құрылысы осыдан 7 жыл бұрын басталған болатын. 150 адамға шақталған орталықта мемлекеттік қызметтегі азаматтардан бөлек, қарапайым тұрғындар да емделе алады.
Марат Шалов, «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешенінің директоры:
– Бұл кешен физиотерапия, жүрек қан тамырлары, неврология және басқа науқастарды емдеу үшін арналған. Негізгі процедуралар – сумен, ингаляция, лазер, массаж, жылумен емдеу.
Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған топ өкілдері арнайы келді. Орталық қызметкерлері шипажайдағы заманауи техниканы көрсетіп, алдағы жұмыс барысымен таныстырды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Бұл өзінің жабдықталу жағынан барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл орталық осы Қарағанды өңірі мен көрші облыстарға жұмыс жасайды.
Бірегей кешенде үлкен спортзал, кітапхана, боулинг, тіпті балаларға арналған ойын бөлмелері бар. Ал еміне шипа іздеп келген адамдарға талай сыннан сүрінбей өткен білікті мамандар қызмет көрсетеді.
Мәлік Мырзалин, ҚР Президентінің Іс басқарушысының орынбасары:
– Шипажайда ҚР Президенті Іс Басқармасына қатысты басқа да орталықтарда, қонақүйлерде еңбек еткен адамдар жұмыс істейді. Мұнда барлығы 185 қызметкер бар.
1 мамырда есігін айқара ашатын кешенге шипажайдың ғаламтордағы жеке парақшасы арқылы жолдама алуға болады. Мұнда әрбір азаматқа нақты диагноз қойылып, емдеу бағдарламасы жасалады.
Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Сәби Байбусинов, Берік Ақтан
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/60036-aj-ashyldy