Қазақстандағы ең алғашқы алып жылжымалы бұрғылау қондырғысы Каспий теңізіне шықты. Ауырлығы 11 мың тонналық платформа тереңдігі 80 метрге дейінгі суда еркін жүзе алады. Демек қуатты техниканың арқасында енді Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі ең терең жерлерден де мұнай бұрғылауға мүмкіндік тумақ. Жүзбелі қондырғыны отандық металл құрастырушы «Ерсай» кәсіпорны жасап шығарды. Бүгін біздер биіктігі 119 метр, салмағы 11 мың тонналық алып баржаның Каспий айдынына шығу сәтіне куә болып тұрмыз. Өздігінен көтерілетін жылжымалы бұрғылау қондырғысы теңіз түбінде 6 мың метр тереңдікте жатқан мұнайды шығаруға қауқарлы. Қазақстандағы әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай өндірісі үшін сөзсіз, маңызды жоба. Теңіз бұрғылау қондырғысы аса күрделі құрылыс. Ені – 72, биіктігі – 64 метр. Үш мұнарасы және платформаға бекітілген тіреуіштерімен қоса алғанда, 39 қабатты үйдің биіктігіндей. Мұндай алыпты теңіз төсіне қондырудың өзі екі сағатқа созылды. Платформа үш түрлі корпустан тұрады. Жұмысшылар жатақханасы мен тікұшақ қонатын алаңы бар. Қуатты да қымбат техника. Оны жасауға екі жарым жыл мен 270 миллион АҚШ доллары сарп етілді. Металл құрастырушы «Ерсай» кәсіпорны жасаған отандық өнім. Құрылысына 500-ден астам жергілікті тұрғын жұмылдырылды. Асқар Нұржанов, KMG Drilling & Services ЖШС бас директорының орынбасары: – Бұл жүзбелі бұрғылау қондырғысының бір ерекшелігі – таяз суларда да су іркуіш жүйесі арқылы бұрғылау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар. Барлық технологиялық процесс жабық режимде жүзеге асады. Бұрғылау ерітінділері теңізге төгілмейді. Яғни,қоршаған ортаға залалсыз. Экологиялық талаптарға сай келеді. Жүзбелі баржа тереңдігі 5 пен 80 метр аралығындағы суларда бұрғылау жұмыстарын жүргізе алатын жалғыз техника. Каспий қайраңындағы Сәтбаев, Исатай, Жемчужина, Қаламқас, «N» блоктары сияқты он шақты кен орындарын бұрғыламақ. Тапсырыс болса Иран мен Түрікменстандағы теңіз операцияларына да қолдау көрсетуге қауқарлы. Рақымбек Әміржанов, облыс әкімінің орынбасары: – Ол деген біздің Баутино портынан бастап, Иранға дейін барып жұмысқа алынады. Әйтеуір біздің 2 баржамыз түгел Қазақстанның мұнай зерттеуіне, мұнай өндірісіне пайдалануға болады. «Жамбыл» 2 скважина қазып берді. «Сәтті» де болашақта сол жұмыстарға пайдаланылады деп сенеміз. «Сәтті» платформасы көк айдында 15 күн бойы қалықтап, дербес жұмыс істей алады. Жоба толықтай іске қосылса 85 адам тұрақты табыс көзімен қамтылмақ. Ал теңіздегі бұрғылау жұмыстары қыста басталады деп жоспарланып отыр. Демек Каспий қайраңында тұнып жатқан байлықты ел игілігіне пайдаланар күн де алыс емес.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/60148-t-sirildi