Ақ үй қақпасынан қарғыған тағы бір адам ұсталды АҚШ президентінің резиденциясы Ақ үй ғимаратына өтпек болған кезекті күдікті азамат қақпадан секірген бойда қолға түсті. Washington Post басылымының хабарлауынша, оқиға ақшам үйірілген шақта болған. Белгісіз ер адам резиденцияның Вашингтон монументіне қараған солтүстік жағынан ішке енуге талпыныс жасапты. Оны сол бойда қолға түсірген Құпия қызмет өкілдері күдіктінің ешқандай қарусыз екенін анықтады. Әзірге есімі жарияланған жоқ. Еске салсақ, осыдан жарты жыл бұрын ғана Ақ үй күзеті резиденция айналасындағы биік қорғанның сыртына тағы бір қайтара 1,5 метрлік қоршау жүргізгені белгілі. Бұл бастама қақпадан ыршыған 42 жастағы пуэрторикалық Омар Гонсалестің әрекетінен соң қолға алынған болатын. Сол кезде оның қолынан пышақ, ал көлігінен 800 оқ табылған еді.
Источник: http://95.56.240.18/kz/zhanalyktar2/lemde/item/60154-staldy