Семейде келіншек екі баласымен бірге 4-ші қабаттан секіріп кетті

0
479

 

Семейде 34 жастағы әйел әлі мектеп жасына да толмаған екі баласымен бірге 4-ші қабаттан секіріп кетті.Үшеуі де қазір ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.

Photo: Семейде келіншек екі баласымен бірге 4-ші қабаттан секіріп кетті
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Көршілерінің айтуынша, келіншектің көптен бері жүйкесі сыр беріп жүр екен. Тіпті соңғы күндері сандырақтаған көрінеді. Десе де, келіншектің анасы сұмдық оқиғаға қатысты басқа себеп айтты.

Мәселенің мән-жайын тәртіп сақшылары анықтауда. Семейдегі жатақхана тұрғындары болған оқиғадан есеңгіреп қалған.

4-ші қабатта бөлме жалдап тұрған келіншек екі баласымен балконнан құлап кетті. Көршілері оның соңғы күндері әлдебір дауыстарды естіп, сандырақтап жүргенін айтады.

“Екі күн бойы жылаған адамның дауысын естіп жүрмін деп айтты. Мен болсам, ештеңе естімедім. Өзі ешкіммен аса қатты араласпайтын. Арақ ішіп, шылым шеккенін де көрген жоқпын”, – дейді көршісі Галина Маар.

Ал 34 жастағы әйелдің анасы болса оқиғаның себебін мүлдем басқаша түсіндіреді. Айтуынша, қызы жұмыссыз болғандықтан, 4 және 6 жастағы балаларын асырай алмай, қиналған. Тұрмыс тауқыметі оны осы қадамға итермелеген деп отыр.

“Қиыншылықтан кетті. Өзі жуас, ешкімде шатағы жоқ. Жоқшылықтан кетті. Алдында келіп кеткен. Балаларым аштықтан ыңырсып жатыр деп. Үйде тоқаш, ет болса салып алып кет дегем”, – дейді келіншектің  анасы Гүлшари Сүлейменова.

Қиыншылықтан кетті. Өзі жуас, ешкімде шатағы жоқ. Жоқшылықтан кетті.

Қазір 4-ші қабаттан құлаған ана мен екі баласы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр болғанымен, өмірлеріне еш қауіп жоқ дейді дәрігерлер.

“Қыз бала ауыр бас-ми жарақаты және қосарланған мойын омыртқаларының диагнозымен келіп түсті. Ұл бала 6 жаста іш жарақаты диагнозымен келіп түскен. Ем жасалып жатыр. Жайғдайлары тұрақты”, – дейді  балалар нейрохирургы Жасұлан Әсетов.

Биіктен құлдилап тірі қалғанына таңырқаған дәрігерлер енді науқастарды емдеуге ұзақ уақыт керек дейді.

Ал тәртіп сақшылары әйел осылайша өзіне және балаларына қол салды ма әлде байқаусызда құлап кетті ме, соны анықтау үстінде. Егер туғандарын өлтірмек болғаны дәлелденсе, қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз