Атажұртта «ұшақ ұшырған» қандастар

0
381

Usheui birge

Олар бала кезінде зеңгір аспанды жебедей тіліп, артына ақшулан сызық қалдыра самғап бара жатқан самолетке қызыға қарайтын. Сосын, көк майсаға шалқадан жатып алып, темір қанат құстың соңында білтеленген буалдыр ізді көзбен ұзатқан олардың қиял құсы самолетпен бірге жарысып бара жататын. «Шіркін, ана айырпланға (аэроплан) отырып ұшар ма еді, кім айдап бара бара жатыр екен, ә!».

Бұл көп баланың басынан өткен арман. Талай бала самолетке бас киімін бұлғай айқайлап, жетіп алатындай соңынан жүгіретін. Бірақ, арманның бәрі орындалып, қуғанның бәрі жеткізбейді ғой. Оған тек арманына дәрмені, қиялына қабілеті сай таңдаулылар ғана ие болады. Сол таңдаулылардың қатарында Ерболат Құлатайұлы, Тілеубек Бекмырзаұлы, Нұрғалым Боранбайұлы секілді азаматтар бар. Бүгінде халықаралық рейстер мен ел ішіндегі авиация саласында еңбек етіп жүрген «үштік» ұшқыштар жайлы аз-кем әңгімеге орын берейік.

erbolat (1)

Ерболат Құлатайұлы

2001 жылы Алтайдың Шіңгіл ауданында орта мектепті бітірген Ерболат, Қазақстанға жол тартады. Шетелден келген өзге балалармен қатар, алдымен бір жыл дайындық курста оқыды. Ұшқыш болу оның бала күнгі арманы болатын. Алматыға келе қаланы аралап жүріп, аэропорт жақтағы Азаматтық авиация академиясын тауып алады. Білім ошағын сыртынан көріп, осында оқысам деген талабына қанат бітеді. Сонымен, емтиханға жатпай-тұрмай дайындалған ол, 2002 жылы көздеген академиясына алдыңғылардың бірі болып түседі.

erbolat (6)

Қызығы, Ерболат оқу орнына қабылданған тұңғыш қытайлық қазақ екен. Ол кезде оралман балаларға грант шекетулі болатын. Алайда, өз қаражатымен білім алуға бел буған бозбаланы академия басшылары бір жылдан кейін жақсы оқу нәтижесіне риза болып, грантқп ауыстырады. Математика, геометрия, алгебра секілді жаратылыстық пәндерді «шекілдеуікше шаққан» ол академиядағы үлгілі студенттердің бірі болды. «Алғаш оқуға келгенде бізге қолдау көрсетіп, білімімізді бағалаған академия проректоры Ермек Сансызбайұлы Абдрамановқа рахметімді айтамын. Ол кісі де білікті аға буын мамандардың бірі. Қазақстан жеріне алғаш «ИЛ-76» жүк самолетін қондырған ұшқыш сол кісі екен» дейді Ерболат ұстазына деген ыстық ықыласын білдіріп.

erbolat (5)

2006 жылы академияны тәмамдаған ол бір жыл туған жерінде болады. 2007 жыл қайта оралып, авиация колледжінде бес ай сабақ берген. Сол жылы көктемде Жамбыл облысының Төлеби ауданында химиялық жұмысқа кіріседі. АН-2 ұшағымен Мойынқұм, Төлеби ауданы өңірлерінде егінге, жоңышқаға, жабайы шөптерге дәрі шашады. АН-2-мен аспан кезген оның қызметі Қызылордада жалғасып, геологтармен бірге үш ай жұмыс істейді. Алғашында маусымдық еңбектерде тәжірибе жинаған ол Қостанайдағы «Авиа Жайнар» компаниясында химиялық жұмысқа кірісіп, АН-2 мен егіс алқаптарына дәрі себеді. Оған академияны өзінен бір жыл кейін бітірген Тілеубек пен Нұрғалым қосылады. (Олар туралы сәл кейін).

erbolat (4)

erbolat (3) erbolat (2)

2010 жылы Қырғызстандағы «Манас» тренинг орталығынан бір жарым айлық курсты оқыған Ерболат енді тікұшақты меңгеруге көшіп, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиа құтқару» мекемесіне жұмысқа кіреді. Былтырғы жылы Ресейдің Түмен облысында «МИ-26» тікұшағын меңегру курсынан өткен ол қазір «Қазавиа құтқарудың» бірер жыл бұрын алған екі «МИ-26» тікұшағының бірінде ұшқыш. Аталған әуе техникасы Қазақстанда қазірше екеу ғана. Олар тек апатты жағдайлар мен шұғыл қажет кездерде ғана аспанға көтеріледі. Әлемдегі ірі азаматтық тікұшақ саналатын «МИ-26» еліміз авиация саласындағы қымбат әрі озық әуе көлігі. Оның төтенше оқиғалар кезіндегі мүмкіндігі орасан. Айта кетерлігі, екі «МИ-26» алдағы мамыр айында Астанада өтетін шеруге қатысады. Бұйыртса, оның біреуінің штурвалында Ерболат Құлатайұлы отыратын болады…

Tileubek (1)

Тілеубек Бекмырзаұлы

Азаматтық авиация академиясының үздік түлектерінің бірі – Тілеубек. Алтайдың Буыршын ауданынан еліне арман арқалап келген бала жігіт дайындық факультетін бітірген соң, 2003 жылы Академияның «ұшқыш» мамандығына түседі. Айтарға оңай болғанымен, білім ордасына қабылданудың талабы қатаң. Емтиханнан жоғары балл жинаумен қатар, денсаулығың да мүлтіксіз болуы керек. Соның бәрінен сәтті өтіп, мемлекеттік грантпен оқыған оның да сабақ үлгерімі қатарластарынан оқ бойы озық болды. Академияға қабылданғанымен, оқудың қиындығына шыдамай, шығып кеткен балалар да көп болған.

Tileubek (3)

Үшінші курсты аяқтаған жылы жазда практика басталады. Алматы төңірегіндегі «Байсерке» және «Бұрұндай» ұшу алаңдарында «АН-2», «Цесна-72» шағын самолеттерінде ұшып жаттығады. Тәртіп бойынша пракиткада ұшу 90 сағат болу керек. Үшінші, төртінші курстарда іс-тәжірибеден жақсы деңгейде өтіп, самолетті аз уақытта ұшырып-қондырған Тілеубектің алғырлығына командир-нұсқаушылар риза болыпты.

Tileubek (2)

Тілеубек оқуды тәмамдаған 2007 жылдан бері Қостанайдағы «Авиа Жайнар» компаниясында қызмет етіп келеді. Жұмысына адал, жауапкершілігі жоғары, білікті маманды компания басшылығы да келісім-шартпен жыл сайын шақыртып алады. Әр жылы жаңадан сынақ тапсырып, денсаулық тексерулерінен өтетін ұшқыштың міндеті ауыр. АН-2 ұшағымен теңіздей толқыған бидай алқаптарына химиялық тыңайтқыш шашады. Сонымен бірге, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының сыңсыған ормандарын зиянды жәндіктерден қорғау үшін дәрі себеді. «Белгілеме бойынша ұшу уақыты таңертең және кешке болады. Химиялық жұмыстың денсаулыққа кері әсері бар. Алайда, ұшқыштардың төрт мезгіл тамағы мен жатын орны, өзге же жағдайлары ойдағыдай қамтамасыз етілген» дейді ұшқыш.

Tileubek (4)

7 жылдан бері АН-2 мен қазақ даласының солтүстігін шарлап, еліміздің басты байлықтарының бірі астық алқаптары мен жайқалған орманды өңірлеріне әуеден қызмет көрсетіп жүрген Тілеубектің алдағы жоспарлары көп. Тәжірибесі мен білімі шыңдалған маманның аспан биігінде де, қызмет биігінде де жоғарылай беретініне сенеміз.

Нұрғалым Боранбайұлы

Ол Алтайдың Қаба ауданы Көлбай ауылында тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Үрімжі қаласындағы машниа-техника колледжінде үш жыл оқыды. Оны тәмамдаған соң дайын тұрған жұмысқа да қарамай, Қазақстанға бет түзейді. Алматыда бір жыл дайындық курстан өтіп, 2003 жылы жақсы нәтижемен Азаматтық авиация академиясына мемлекеттік грантқа оқуға түседі. Үздік студенттердің қатарында Тілеубек бәрі бірге білім алады. Академияны аяқтап, ұшқыш куәлігін алған ол да еңбек жолын «Авиа Жайнар» компаниясынан бастады. Онда үш жыл жұмыс істеген соң, 2010 жылы «Эйр Астана» компаниясының ұшқыштығына емтихан тапсырып өтеді. Онда негізінен ағылшын тілін білу мен жалпы авиация білімің сыналады. Ал, емтиханның үлкені алда болатын.

Nurgalim (1)

«Эйр Астанаға» қабылданған Нұрғалым енді Ирландияға емтихан тапсыруға аттанады. Онда ұшқыштың халықаралық стандартқа сай білімі-білігі, мүмкіндігі сарапқа салынады. Математика, физика, ағылшын тілі мен техникалық-физикалық қабілетің, психологиялық жай-күйің қатаң тексеріледі. Осылардың бәрінен сүрінбей өткен Нұрғалым Ирландиядан оралған соң интернет арқылы Америкаға емтихан тапсырып, АҚШ-тың Флорида штаты, Мелбурн қаласындағы Флорида техникалық институтының Авиация бөліміне екі жылдық оқуға қабылданады. Флоридаға барған соң Нұрғалымға коммерциялық ұшқыш куәлігін алу үшін қайта бастан оқуға тура келеді. Өйткені, онда білім алу деген сөз – әлемнің алдыңғы қатарлы әуе компанияларында жұмыс істеуге, халықаралық стандарт бойынша рейстерде қатынауға толымды ұшқыш санатына қосылу деген сөз. Америкадан кейін Ирландияда тоғыз ай оқуын жалғастырған ол, коммерциялық ұшқыш куәлігіне қол жеткізеді. Дублин қаласында үлкен жолаушылар самолетін басқарудың бір апталық курсынан да өтеді.

Nurgalim (4)

Елге оралған Нұрғалым «Эйр Астана» компаниясымен шартқа қол қояды. Енді компания оны airbus самолеттерін шығаратын Францияның Тулуза қаласына бір жарым айлық курсқа жібереді. Онда airbus-та ұшу тәжірибесінен өтіп, сынақтарды сәтті тапсырған ұшқыш Индерландтың Амстердам қаласында қауіпті жағдайдарда қауіпсіздікті жүзеге асыру бойынша курста оқиды. Қысқасы, Америка мен Еуропаның стандарттары мен сынақтарының бәрінен сүрінбей өткен ол 2013 жылдан бастап, «Эйр Астана» компаниясында «Airbus-319», «Airbus-320», «Airbus-321» самолеттерінің ұшқышы. Білікті маман Еуропа мен Азияның ірі қалаларына жолаушылар тасымалдап, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет атқарып жүр. Көрші Орта Азия мемлекеттері мен ел ішіндегі рейстерге де ұшады. «Алғаш қызметке қадам басқанда америкалық маман Весли Кеннеди және ағамдай болып кеткен Ербол Нұрқасов сынды жетекшілерім көмек көрсетіп, қолдау білдірді, өз елімізде алаңсыз қызмет етіп жүргенімізге ризамыз» дейді ол. Әлемнің алпауыт қалаларына үзбей ұшып, жүздеген жолаушыларды жеткізіп жүрген Нұрғалымның сапарына тек сәттілік тілейміз.

Nurgalim (3)

Nurgalim (2)

Жиып айтқанда

Кезінде баласын оқытуға құлықсыз кей әкелер «оқып не тындырады, айырпылан ұшырады дейсің бе» деп жататын. Иә, талабы таудай бала расымен де «айырпылан ұшырады» екен. Оған дәлел жоғарыда айтылған үш жігіт. Бүгінде қазақ жастары техникалық мамандықтарға бет бұрып жатыр. Бұл қуанышты жағдай. Ұшқыштардың жартысына жуығын шетелден шақыратынымыз да жасырын емес. Бұйырса, алдағы уақытта олардың орнын қазақ жастары басатын күн алыс емес.

Рас, Ерболат, Тілеубек, Нұрғалымдер алғаш оқығанда орыс тілін білмегені үшін қиындық көрді. Бірақ, оларға оқу орнының басшылары түсіністікпен қарап, қосымша тіл курсын ұйымдастырды. Сабақ қазақ тілінде өткенімен атау-термндер өзге тілде. Алайда, осындай қиындықтарды жеңе отырып, құлшына білім алған, алдарына үлкен мақсат қойған жастар өздері бала күндерінде жерден қол бұлғап, соңынан жүгіріп арман еткен самолеттің ұшқышына айналды. Яғни, арман алдамайды екен, шын сенім артсаң жетуге болады екен.

Бүгінде Тілеубектің жалпы ұшқан сағаты 2 мыңнан астам, Ерболаттыкі 2 мыңға жақын, Нұрғалымдікі 3 мыңға таяу болыпты. Аспанда еркін самғап жүрген азаматтарымыз аман болып, еліне қызмет ететін минут, сағаттары ұзарып, жылдарға жалғаса берсін деп тілейміз.

Бала күнгі арманды ақиқатқа айналдырған Ерболаттың жалпы ұшу уақыты 1 мың 600 сағат болыпты. Алып тікұшақпен аспан аясын шарлап жүрген ұшқыштың еліне қызмет ететін минут, сағаттары бұдан да көп бола береді деп сенеміз.

Мұрат Алмасбекұлы

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз