«Достық үйінің» мәжіліс залында «Мемлекеттік тіл және Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымының докторы Ерден Қажыбек жүргізіп отырды.
Жиынға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы, Ұлттық Кiтапхана директоры Әлібек Асқар, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық институтының директоры, саясаттанушы Сайын Борбасов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақ, ҚР БҒМ Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсәттар Дербісәлі, Түркі халықтарының мәдени қорының президенті Ахмет Дагдуран, шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжеалин, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, т.б. қатысты. Мемлекеттік тілге арналған бұл жиында алғашқы сөздің тізгінін «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы алып, бүгінгі таңда мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы біртіндеп кеңіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұл мәселеге әлденеше рет назар аударғанын айрықша атап өтіп, әрі алдағы сайлауда Елбасына сенім білдіретінін жеткізді.
Жиын барысында шетелдік және отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың жетекшілері, тіл жанашырлары қатысып өздерінің түрлі пікірлерін ортаға салды.
Шараның жүргізушісі Ерден Қажыбек бұл жиынның негізгі мақсаты – қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуін талап ету екендігіне тоқталды. Ал, өзге ұлт өкілдерінен қазақ тілін білуді талап ету – олардың құқығын шектейтіндігін жеткізді.
Қанша адам болса, сонша пікір болатыны сөзсіз. Қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер мен көзқарастар айтылды. Олардың арасында «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірі жұртшылыққа үлкен ой салғанын айтуымыз керек.
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөз Президент айтқан кезде мүмкін күн тәртібінде тұрған шығар. Бірақ қазір одан бір-екі қадам алға жылжығанымыз дұрыс сияқты. Ол кезде қазақтардың Қазақстандағы үлес салмағы 45 пайыз болса, қазір 70 пайызға жетті. Егер қазақ қазақпен қазақша сөйлесіп қана қойса, онда біздің тіліміз отбасы, ошақ қасында қалып қоюы мүмкін. Дәл біз осы бағытты ұстансақ, сонда біз арамызда отырған Асылы апамызбен қай тілде сөйлесеміз? Біз, ең бастысы, өзіміздің өмір сүру ортамызда қазақ тілінің қолданылуына баса назар аударуымыз керек. Егер біреу бізге орыс тілінде сөйлесе, біз оған қарсы шыға алмаймыз. Оның да өзінің сөйлеу тілін таңдауға құқығы бар. Бұларға қазақ тілін үйрететін жол біреу-ақ. Бұл саясаттануда Балтық жағалауы тәсілі деп аталады. Мұны Балтық жағалауы елдері 1990-1991 жылдары жүзеге асырған. Біреу орыс тілінде сөйлесе, оған латыштар да, эстондар да ренжімеген. Олар тек өздерінің тілінде жауап беріп, я болмаса мүлдем жауап бермей қоя салған. Біз де осы тәсілді ой таразысына салып көрдік. Қарап отырсақ, ешкімнің де құқығы бұзылмайды екен. Егер бізге біреу орысша сөйлесе, біз оны тыңдайық. Бірақ оған орыс тілінде емес, қазақ тілінде жауап беруіміз керек. Осы әдіске көшетін кез әлдеқашан жеткен сияқты. Мұндай қадамға бару арқылы біз оларға өз тілімізді мойындатамыз, әрі оларға көмектесеміз», – деп атап көрсетті Дос Көшім.
Шындығында да бұл пікір жұрттың бәріне ой салды. Басқосу барысында саясаттанушылардың пікірі өзгелерге қарағанда озық шықты. «Тілдің саяси аспектілеріне үңілсек, бүгінде тіл мемлекеттің қауіпсіздігіне айналды. Біздің елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін Атазаңымызға өзгерістер енгізгеніміз жөн сияқты. Мәселен, Контитуциямыздағы 7-баптың І тармағындағы «Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлемнен кейін, «Мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыру үшін, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы қазақ тілінде сөйлеуге міндетті» деген сөйлем қосуымыз керек» – деді саясаттану ғылымының докторы Сайын Борбасов.
Жиынды ұйымдастырушылардың да, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген талапты қайта жаңғыртуға тырысқанын біз де түсіне алмадық. Қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі жеткіліксіз. Қазақтың тілінде Қазақстанды мекендеген тұрғындардың барлығы да сөйлеуі керек емес пе?! Сонда ғана тілімізді ұшпаққа шығара аламыз…
Шара ұйымдастырушылары жиынға қатысушылардың ұсыныстарының негізінде шешім қабылданатындығын айтқан еді. Бірақ, бет қатталып жатқанда, ұйымдастырушыларға хабарласқанымызда әзірге ешбір шешімнің қабылданбағанын естідік. Соған қарап, бұл жиын өзінің көздеген мақсатына жете алмады ма деген сұрақ қалды көкейімізде.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
“Қазақ үні” газеті