Еуроодақ заңсыз көші-қон мәселелерін шешу бойынша жоспар әзірледі

0
629
3
Осының алдында Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы және ішкі істер министрлері Люксембургте бас қосып, Еурокомиссия ұсынған жобаны ортаға салған болатын.
Аталған құжат 10 тармақтан тұрады.
Жоспар Еуропалық одақтың Жерорта теңізіндегі бірлескен іс-шараларын қамтиды. Баспана беру жөніндегі Еуропалық бюро Италия мен Грекияда топ жасақтамақ. Сонымен қатар шекаралық бақылауды арттыру үшін қосымша қаржы бөлінеді. Еуроодаққа келетін мигранттардың саусақ таңбалары алынып, заңсыз келімсектерді отандарына қайтару үшін арнайы чартерлік рейстер саны арттырылатын болады.
Федерика Могерини, ЕО дипломатиясының басшысы:
– Біріншіден, теңізде іздеу-құтқару операцияларын жүргізуді күшейту бойынша келісімге келдік. Екіншіден, адамдарды заңсыз тасымалдайтын қылмыстық топтарға қарсы бірігіп күресу қажет. Үшіншіден, Еуроодақ елдері арасында мигранттарды қабылдау мен орналастыру міндетін теңдей бөлу керек.
Еуроодақтың мигранттарға қатысты саясаты өткен жексенбіде Италияның Лампедуза аралының жағалауында келімсектер мінген қайық апатқа ұшырап, жүздеген адам опат болғаннан кейін қызу талқылана бастады. Еуропаның көптеген қалаларында қайық апатынан қаза тапқандарды еске алу шаралары өтті.
Мори, Кот-д’Ивуардан келген мигрант:
– Біз осында Республика алаңында соғысқа байланысты туған елдерін тастап шыққан, ақыры теңізде қалған барлық марқұмдарды еске аламыз. Біз де – су кешіп жеткен мигранттармыз. Қазір Францияда тұрып жатырмыз.
Еуропалық министрлер шұғыл шешім қабылдағанымен жоспардың шикі тұстары әлі көп. Терең талқылау жасау үшін Еурокеңес басшысы Дональд Туск 23 сәуірде Брюссельде Еуроодақтың миграцияға арналған кезектен тыс саммитін шақыруға шешім қабылдады.
Авторлары: Ернат Қашқынов, Ыбырай Диханба

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз