Президенттікке үміткер Т.Сыздықов Республикалық сайлауалды штабта кездесу өткізді

0
445
11
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы атынан ұсынылған Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовты қолдау үгіт-насихат жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл туралы Астана қаласындағы Республикалық сайлауалды штабта өткен басқосуда мәлім болды.
Кандидат кездесуде үгіт-насихат науқанының барысы және аймақтардағы сайлаушылармен кездесу нәтижелері жайын талқылады. Кездесудің басында Тұрғын Сыздықов Республикалық сайлауалды штабының жалпы атқарған жұмысына қанағаттанып отырғандығын жеткізді. Үгіт-насихат науқанының жоспары толық көлемде іске асырылып келеді. Барлық жоспарланған шаралар дер кезінде атқарылуда. Партияның сайлауалды тұғырнамасы сайлаушыларға түсіндірілуде. Үміткер Тұрғын Сыздықов жалпы адами құндылықтардың ішінде бірінші орында тұрған мәселелер ретінде халықтардың бейбіт өмір сүруін, төзімділікке және өркендеуге ұмтылуын атады. Сондай-ақ ол интернационализм мен отбасылық өнегені қоғам дамуының кепілі екенін ескерді.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне үміткер:
– Жалпы осы уақытқа дейін біраз жұмыс атқарылды. Біз қазіргі кезде өзінің өзектілігін жоғалтпаған марксизм-ленинизм идеяларына негізделген менің сайлауалды бағдарламамды жеткізе білдік.
Тұрғын Сыздықовтың айтуынша, өзінің кандидат ретінде сайлау науқанына қатысуы Батыс мәдениетінің кері ықпалына халықтың назарын аударуға мүмкіндік берді. Ол Батыстың тұрмыс салты мен мәдениеті тығырыққа тірелгенін жеткізе келе, бұл құндылықтардың бәрі жалған әрі адамдарды тек өзінің бас пайдасын ғана ойлауға тәрбиелейді деп түйді. Сонымен қатар басқосуда кандидаттың үгіт-насихат кампаниясы толық көлемде, ал жоспарланған іс-шаралар дер кезінде атқарылып жатқандығы айтылды.
Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықовтың Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:
– Мен біздің іс-шаралардың бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде республикалық телеарналарда кеңінен көрсетіліп жатқанын айтқым келеді. Әлеуметтік желілерідегі жұмыс та сапалы. Мұның бәрі кандидаттың тұғырнамасын сайлаушыларға таныстыруға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды республикалық және аймақтық штабтарында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан еді.
Авторы: Дархан Әбдуахит

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/sayasat/item/60298-2

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз