Шетелдік магистратура мамандарымыздың миын ауыстырып бере ме?

0
364

a_815de865

Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талапты күшейту туралы Орталық коммуникациялар брифингінде Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басқармасының басшысы Динара Және­нова мәлімдеді. Жұмысқа қабылданбас бұрын үміткерлердің шетелде магистратура бітіргені тексерілуі мүмкін. Себебі біздің мемлекеттік қызметкерлер шетелдік әріптестерімен бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік орган жетекшілерінің құзыреті кеңейтілмекші.

«Мемлекеттік орган же­текшілері алдында тұрған мақсаттарды орындау үшін қажетті қызметкер санын өзі анықтайды. Кейін бір жыл немесе жарты жылдың нәтижесіне сәйкес әр адамға қалауы бойынша сыйақы береді. Білікті мамандарды мемлекеттік қызметке баулу үшін тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береміз. Сондай-ақ дарынды қызметкерлер үшін мансап карталарын әзірлемекшіміз. Соған сәйкес әрқайсысына білім алу жоспарын құрамыз» – деді шенеунік.
Біріншіден, осы айтылған мәлімдемеден мемлекеттік қызметкерлерге деген талаптың күшейтілгенін байқап отыр­ған жоқпыз. Керісінше, оқыту мен қосымша сыйақы сияқты жағдайлар жасау туралы айтылған. Екіншіден, шетел десе, ішкен асын жерге қоятын басшы орындардағы шенеуніктер қашан Батысқа қарап шоқынуын қояды екен. Бәсекені батыстықтармен емес, алдымен өз ортамызда қалыптастыру керек. Қазақ елі мен ұлты үшін адал болуды, жауапкершілікпен тиянақты жұмыс істеуді де шетелге барып үйренуіміз керек пе? Үшіншіден, мамандардың санын өздеріңіз белгілейді екенсіздер, сапасына назар аударғандарыңыз жөн. Әсіресе, әрбір маманның ар-намысы, ұлтын мақтан тұтатындығы мен отансүйгіштігі, адалдығы ескерілуі керек. Біреуді үйретпес бұрын алдымен осы аталған қасиеттер өздеріңізде болуы керек, біз осы жағына қатты күмәнданамыз. Бұның бәріне шығынданып, мамандарымызды шетелде оқытудың түкке де қажеті жоқ. Қазір әрбір ашылған жаңалық жарты күн өтпей әлемнің бар түкпіріне таралып жатқан заманда жоғары білімді маман магистратурасыз-ақ оны өз бетінше оқып меңгере алады. Шетелде магистратура бітірсе, мамандарымыздың миы толығады дегенге бүгінгі күні ешкім сенбейтінін естеріңізге салғымыз келеді. Бізге білім­нен бұрын ұлттық сана-сезім жетіспейді. Өткен жылдар тәжірибесі соны көрсетіп отырған жоқ па? Ширек ғасыр­да атышулы шетелдерде түрлі бағдарламамен оқыған сан мыңдаған мамандардың көсегемізді көгерткенін көре алмай келеміз. Табақтай дипломдарымен бірге өздерін де таба алмай қалдық қой. «Желге ұшқан халықтың қайран қаржысы-ай!» демеске амалымыз жоқ.

Зейнолла АБАЖАН

Шетелдік магистратура мамандарымыздың миын ауыстырып бере ме?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз