Йеменде жаңа әскери операция басталды

0
422
9
Йеменде бүлікші хуситтерге қарсы жүргізілген әскери операция аяқталды.
Сауд Арабиясы бастаған халықаралық коалиция жеңіске жеткенін жария етті. Бірақ шиіттік бүлікшілер мұны жоққа шығарып, сүнниттік күштер жеңіліске ұшырағанын айтуда. Ал Саудияға қашып кеткен Йемен президенті Әбд-Раббу Мансур Хади еліне оралып, бомбалаудан қираған елді қалпына келтіретінін мәлімдеді.
Йеменді 26наурыздан бері тынымсыз бомбалаған араб елдерінің «Батылдық дауылы» операциясы аяқталды. Әуе шабуылдарынан шиіттік бүлікшілер – хуситтерге тиесілі барлық әскери нысанның 98%-ы жойылған. Қазір олардың қолында тек аздаған зеңбірек қана қалыпты. Осы коалицияның басында тұрған Сауд Арабиясы «Үміттердің жандануы» атты басқа операцияның басталғанын жария етті.
Ахмед Асири, Сауд Арабиясы бастаған коалиция қолбасшылығының өкілі:
– Йемендегі ұрыс қимылдары тоқтатылмайды. Енді «Үміттердің жандануы» атты басқа операция басталмақ. Бұл шара бейбіт халықты қорғауға, лаңкестікпен күресті жалғастыруға және БҰҰ-ның қарарына сәйкес, саяси үдеріске қайта оралуға бағытталған.
Құрбан болғандар саны мыңға жуықтап қалды. Жарақат алғандар 3,5 мыңнан асады. Елді жаппай тұрақсыздық пен жоқшылық жайлаған. Жанармай жоқтың қасы. Азық-түлік тапшылығына 10 млн-нан астам йемендік тап болып отыр. Бұл көрсеткіш осы елдегі халықтың тең жартысын құрайды.
Абдуллаһ әл-Куайс, Сана қаласындағы Хадда ауданының тұрғыны:
– Бізге жаппай қырып-жоюға арналған, қолдануға халықаралық тұрғыда тыйым салынған зымырандар тасталды. Хадда қаласы толығымен жермен жексен етілді. Көшеде жүрген тұрғындар қырылды.
Сауд Арабиясының королі Салман әл-Сауд Йеменге ұлттық гвардия сарбаздарын жіберді. Ал осының алдында ғана Аден шығанағына АҚШ-тың «Теодор Рузвельт» атты әуе тасығыш кемесі келді. Ақ үй басшысы өз кезегінде «егер Иран Йемендегі хуситтерге қару-жарақ беретін болса, онда әңгіме басқаша болады» деп ескерту жасады.
Барак Обама, АҚШ президенті:
– Қазір Иран кемелері халықаралық су аумағында жүр. Нақты осы себепке байланысты кеме қатынасына кедергі болмайтынына толық көз жеткізу үшін біздің кейбір кемелеріміз Парсы шығанағына кірді.
Енді Йеменге құрлық әскері кіреді деген әңгіме гулеп тұр. Демек, сыртқы күштердің әскери операциясының атауы өзгергенімен, заңды билік деп саналатын сүнниттік күштер мен шиіттік бүлікшілер арасындағы соғыстан қырылып жатқан бейбіт халықтың көрер нәубеті әлі алда дейді сарапшылар.
Авторлары: Ернат Қашқынов, Әсем Хасенқызы

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/60473-staldy

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз