Литва мен Латвия EXPO-2017 көрмесіне өз жобаларын ұсынуда

0
500
10
Таяуда EXPO-2017 халықаралық көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Литва мен Латвиядағы сапары аяқталып, бұл елдерге Қазақстан Президентінің атынан ЕХРО-ға ресми шақырту қағазы табысталғанын хабарлаған болатынбыз.
Латвияда газ бен электр қуатының құны тым қымбат. Халық әлі күнге дейін кәдімгі таскөмір пайдалануға мәжбүр. Сондықтан да болашақтың энергиясы – Латвия үшін өте өзекті мәселе. Қазір бұл ел балама энергетика саласында ғылыми жұмыстар жүргізуде. Жаңартылған қуат көздердің арқасында Латвияда 35%-дан астам энергия өндіріледі. Ел президенті Андрис Берзиньш: «болашақтың энергиясы бізге ғана емес, тұтас әлемге де қызық тақырып», – дейді.
Андрис Берзиньш, Латвия Республикасының Президенті:
– Біздің өз жоспарымыз бар. Меніңше, жаңа идеялардың барлығы да осы көрмеде көрсетіледі. Ең үздік жетістіктер арқылы әлемнің ендігі даму барысын бағамдайтын боламыз. Бізге бұл керек, себебі елімізде көмір, мұнай мен газ жоқ.
Болашақтың энергиясы – Литва үшін де маңызды мәселе. Себебі пайдалы қазбаларға тапшы Литва күн энергиясы мен биоресурстарды және жел күшін пайдаланады. Өзіндік ноу-хауларын олар Астанада көрсетуге әзір.
Рокас Масюлис, Литва Республикасының энергетика министрі:
– Меніңше, ЕХРО-2017 көрмесін өткізуді Қазақстанның ұтып алғаны сіздердің ел үшін тиімді. Себебі ұсынылған технологияның көбі Астанада қалады. Тіпті ЕХРО-ға дайындық жұмыстарының өзі де мемлекеттің дамуына серпін береді. Бұл жерде Қазақстан ғана емес, көрмеге келгендер де пайдаға кенеледі.
Литва компаниялары қазірдің өзінде ЕХРО-2017-ге өз қызметтерін ұсынуда. Тіпті ұйымдастырушылар су беті мен ғимараттарда әсем бейнетрансляциялар көрсетіп, тұсаукесер рәсімін өткізді. Егер баға жағынан келісім болса, компания өкілдері осындай әсем шоуларды Женева көлінің үстінде ұйымдастырып, ЕХРО бейнелерін көрсететіндігін айтады. Өз кезегінде көрме комиссары Рәпіл Жошыбаев Қазақстан ең креативті-инновациялық идеяларды алатынын жеткізді.
Рәпіл Жошыбаев, EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесінің комиссары:
– Біз әлемдік деңгейдегі көптеген ғылыми орталықтарды аралауды көздеп отырмыз. Калифорниядағы силикон аңғары, Үндістан мен Сингапурды көріп, жаңаның бәрін Қазақстанға шақырамыз. Түрлі компаниялар біздің көтерген тақырыптан хабардар, олар тарапынан да үлкен қызығушылық бар. Сондықтан біз бүгінгі күн мен болашаққа ең қажетті дүниені ұсынуымыз керек.
Болашақтың энергиясы – Прибалтика елдері үшін келешекке жол ашатын, экологиялық тиімді жоба. Олар сол үшін де Астанадағы ЕХРО-ға келіп, өзінде барды көрсетпекші. Сонымен қатар өзгеден үйренуді де ойлайды.
Авторлары: Жасын Біркенов, Дмитрий Двойнев, Александр Шурмелёв

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/60470-synuda

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз