Елдің тағдыры мен болашағы мемлекетқұрушы ұлт ретінде қазақтың қолында ғана болады.
Бүгін “Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр” атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
“Біздің халқымыздың саны күннен күнге көбейіп келе жатыр. Тиісінше, жалпықазақстандық бірлік дегеніміз бос сөз емес. Ең алдымен, болашақ үшін қазақтың өзінің бірлігі керек. Мен мұны ылғи айтып жүрмін. Елдің тағдыры мен болашағы мемлекетқұрушы ұлт ретінде қазақтың қолында ғана болады. Халықты ұлы істерге ұйыстырудағы басты жауапкершілік те қазақтарға жүктеледі. Осыны әрдайым есте ұстайық, ағайын”, – деді Назарбаев.
Сонымен қатар президент Ата заңда нәсілдік, ұлттық, діни, әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың құқы мен бостандығы қорғалатынына назар аударды.
Дегенмен, елбасы бұдан кейінгі уақытта да қазақстандық біртектілікті нығайта түсудің қажеттілігін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл біртектілік азаматтыққа негізделуі шарт.
“Біздің азаматтарымыздың барлығы бір ғана ауқымды құқықты пайдаланып, ортақ жауапкершілікті бірге арқалап, тең мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізулері керек”, – деді Назарбаев.
Дереккөз: ИА «Казинформ»
http://www.nur.kz/365095.html