Алматыда Рысқұлов даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында салынып жатқан жол айрығы опырылып түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, құлаған көпір астында екі адам қалған.
Қаланың құтқару қызметі бұл ақпаратты растады деп хабарлайды ҚазТАГ.
Алайда, құтқару қызметіндегілер зардап шеккендер мен құрбандар туралы нақты мәлімет берген жоқ.
Құлаған көпір астында қалып қойған екі адам іздестіріліп жатыр деп хабарлайды “СТВ” арнасының “Территория происшествий” бағдарламасы.
Одан бөлек, тағы екі адам жарақат алған. Оқиға орнында цементтің құйылып кеткені айтылуда.
Салынып жатқан жол айрығы “Domillion” сауда орталығы мен жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығын байланыстырады.
Бүгінде көпір құрылысын жүргізген құрылыс компаниясы тексерілуде. Жол айрығы әлі де бұзылуы мүмкін деген болжам бар.
Дереккөз: NUR.KZ