Бүгін сайлауалды үгіт-насихат аяқталады

0
409

 

Қазақстан президенттігіне кандидаттар бүгін түнде сайлауалды үгіт-насихатын аяқтайды. Сайлау заңы бойынша, дауыс беру күні мен оның алдындағы күні сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Бірақ бұрын үгіт-насихат науқаны кезінде сайлау комиссиясынан өзге орындарда ілінген насихат материалдары сол қалпы қала береді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихаты кезінде аздаған заң бұзушылықтар болып, ескертулер жасалды. Прокуратура дерегінше, ескерту қоғамдық пікірді анықтауға арналған сауалнама нәтижелерін жариялағаны үшін жасалған.

Прокуратура дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге жасалған сауалнама нәтижесін, сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарды және сайлауға қатысты басқа да зерттеулерді жариялауға тыйым салынатынын айтады.

Бүгінге дейін сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан заң бұзу оқиғалары тіркелмеген. Прокуратура бұған қоса сайлау туралы заң бойынша сайлау күні дауыс беретін орында қоғамдық пікірді сұрауға, дауыс беру орнына сайлау процесіне қатысы жоқ бөтен адамның кіруіне тыйым салынатынын ескертеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді. Сайлауға қазіргі президент, “Нұр Отан” партиясы ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы ұсынған Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов түседі.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз