Қанға – қан, кланға – клан: Түсіпбеков-Қожамжаров текетіресі

0
450

Президенттік сайлау науқаны басталғалы бері елдегі саяси белсенділік кәдімгідей төмендеді. Әсіресе, ұлттық саяси элитаның өкілдері мүлдем қарасын батырғандай. Әдетте  «бұлбұлша» сайрап, белсенділігімен ерекше көзге түсетін лауазымды шенеуніктер соңғы апталарда сап тыйылғандай. Бірақ, алданып қалмаңыз, сырт көзге мүлгіген тыныштық орнағандай көрінгенімен, билік дәліздеріндегі астыртын ойындар бір сәтке де тоқтар емес. Түптеп келгенде, сайлау – саяси кландардың өзара «разборкаларын» уақытша болса да тоқтата алмайды. Себебі, миллиардтаған теңге мен долларға бағаланатын мақсат-мүдделер  бәске тігілген уақытта «қанға – қан, кланға – клан» қағидасы іске қосылатыны заңды. 

Әдетте «кланаралық қақтығыстар» қаржылай мүмкіндіктері мол немесе құрығы ұзын, құзыры кең органдардағы бұрынғы және кейінгі басшылардың арасында жиі  орын алып отырады. Жаңадан келген басшы өзіне дейін қалыптасып үлгерген командалық жүйенің быт-шытын шығарып, өз тәртібін орната бастайтыны жиі кездесетін жайт. Кейбір сарапшылардың  пайымдауынша, дәл қазір Рашид Түсіпбеков пен Қайрат Қожамжаровтың қарым-қатынасы осы формулаға саятын түрі бар.

Ақпарат құралдары мен сараптамалық порталдарда соңғы айларда Түсіпбеков пен Қожамжаровтың арасындағы астыртын талас-тартыстың өрши түскені жайлы материалдар көбейді. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» рас десек, бұл  бекерден-бекер жазылып жатқан дүниелер еместігі анық.  «Өзара қырқысатындай, Түсіпбеков пен Қожамжаров не бөлісе алмай қалыпты» деуіңіз мүмкін. Мұны былай түсіндіріп берейік: елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресетін бірден-бір орган – қаржы полициясы. Талай шенеуніктің түбіне жетіп, темір тордың арғы жағына тоғытқан бұл қаһарлы құрылымды соңғы 7 жылда екі адам алма кезек басқарып келген. Бірі – Қожамжаров, екіншісі – Түсіпбеков. Әлбетте, осынау уақыт ішінде әрқайсысының мүддесі қаржы полициясының мүмкіндіктеріне тығыз байланып қалған.

Иә, қаржы полициясы – қатардағы министрлік немесе ведомство емес.  Бұл салада бүкіл  республиканы дүр сілкіндіріп жататын түрлі дау-дамайлар жиі орын алады.  Жемқорлық жайлаған елде экономикалық қылмыспен күресу оңай емес. Өз кезегінде осындай саланың тізгінін ұстаған адам қаржы полициясын өз мүддесін іске асыру жолында жойқын қаруға айналдыра  алады. Сондықтан да осы органға келген басшы  тек сенімді адамдармен жұмыс істегенді жөн көріп, команда қалыптастыра бастайды.

2008 жылы Қаржы полициясының басшылығына келген Қайрат Қожамжаров бұл қызметті 2012 жылдың қаңтарына дейін атқарды. Оның орнына келген Рашид Түсіпбеков – күштік құрылымдар мен заң саласының жілігін шағып, майын ішкен кадр. Тоғыз жыл бойы елдің бас прокуроры болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бұл республика тарихындағы рекорд. Бірақ, Қожамжаров та оңай шағылатын жаңғақ емес қой. Оның қаржы полициясының басшылығына екі рет келуі осының айғағы. Екеуінің де амбициясы мол, саяси қолдауы мығым әрі сенімді командасы бар.

Текетірес неден басталды?

Түсіпбеков-Қожамжаров текетіресінің туындау себебіне  қатысты бірнеше  жорамал айтылады. Бірі – Қожамжаров Ақмола облысының әкімі қызметіне тағайындалған соң Түсіпбековтің  басқаруындағы  қаржы полициясы  су жаңа әкім және оның отбасына байланысты компромат жинақтауға кіріскен көрінеді.  Екіншісі – кейбір дерек көздеріне сенсек, қаржы полициясын қайта құру жөніндегі ұсынысты дәл осы Қожамжаров берген екен. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы ретінде ол арнайы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күрес агенттігін таратып, орнына жаңа құрылымды құру жайлы жоба әзірлеген. Екі ортада Түсіпбеков креслосынан айырылып, ықпалы мен мүмкіндігі тұрғысынан анағұрлым әлсіз қызметке – Жоғарғы Сот кеңесінің төрағалығына барды. Оған қарағанда Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің орны биіктеу тұр. Ал қайта құрылған орган – Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметіне Қожамжаровтың өзі келді.

Мұндай қадам  соңғы жылдарда тым күшейіп кеткен «қарағандылықтардың» кланын әлсіретуге бағытталған деген де жорамал бар. (Қожамжаровты ел-жұрт «Оңтүстіктік кланның» өкілі деп санайды). Дәл осы сәтте тағы бір «қарағандылық» – экс-премьер Серік Ахметовтың үстінен қылмыстық істің қозғалуы бұл жорамалдың кездейсоқ еместігін дәлелдей түскендей.

Сарапшылардың байқауынша, қаржы полициясында ауыс-түйіс орын алған сайын жауапты орындардағы қызметкерлер топ-тобымен басқа министрліктер мен комитеттерге кетіп жатты, олардың орнына басқалар келіп жатты. «Командамен үдере көшу» деген осы да.

Былтыр тамыз айында Қайрат Қожамжаров қайта құрылған Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағалығына бекітілді. Артынша  осы ведомстводағы жауапты қызметтегі бір топ адам жан-жаққа – бірі Бас прокуратураға, бірі кеден саласына ауысып тынды. Ал биылғы жылдың қаңтар айынан бастап қаржы полициясының экс-қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, бірнеше адам тұтқындалды. Кланаралық қақтығыстың тым өршіген сипат ала бастауы Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы департаментін басқарған Әмірхан Аманбаевтың тұтқындалуына ұласты.  Ұсталғандарға тағылған айып – жалған фирмалар арқылы заңсыз ақша айналымымен шұғылданған ұйымдасқан қылмыстық топты құруы. Бір күндік фирмалардың банктік есеп-шоттары арқылы қомақты қаражат аударылып отырған. Кейбір дерекке сенсек, бұл топтың бірнеше жыл ішінде заңсыз жолмен тапқан қаражаты  шамамен 60 миллиард теңгені құрайды екен.

Бұл даулы істе ерекше  назар аударарлық жайт – Әмірхан Аманбаевтың карьерасы. Соңғы 15 жылда Түсіпбеков қай салаға барса, Аманбаев та сол салаға ауысып отырған. 2000-жылдарда Рашид Төлеутайұлы Бас прокуратураны басқарып тұрғанында Әмірхан Тапашұлы Қарағанды облыстық прокуратурасын басқарған. Түсіпбеков әділет министрлігіне ауысқан шағында Аманбаев те осы салаға келіп, комитеттердің біріне басшылық жасап шыға келді. Кейіннен тіпті министрдің орынбасары қызметіне көтерілген. Аманбаевтың қаржы полициясының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшылығына келуін де сәйкестік деп қабылдауға, сірә, болмас. Демек, Аманбаевтың тұтқындалуы – Түсіпбековке тікелей жасалған шабуыл десек, қателеспеспіз.

Дегенмен, Әмірхан Аманбаевтың тұтқындалуымен іс бітпейді. Ең бастысы – оның және қарамағындағы командасының қылмыстарын сотта дәлелдеу қажет. Ол Қожамжаровтың қолынан келе ме? Қазіргі таңда Түсіпбеков еліміздің Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы креслосында отырғанымен, сот істеріне тікелей араласа алмайды. Оның үстіне Мәми мен Қожамжаровты сарапшылар одақтас ретінде сипаттайды.  Әзірше сот Аманбаевты екі ай мерзімге тұтқындау жайлы қаулы қабылдады. Кланаралық қақтығыстың соңы немен тынар екен? Екінші жақ та қарымта соққы жасай ала ма? Әліптің артын бағалық.

Жәнібек Тархан

oinet.kz

Қанға – қан, кланға – клан: Түсіпбеков-Қожамжаров текетіресі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз