
– Назарбаев Университеті қазіргі уақытта жүрекке операция жасауға арналған медициналық құрылғы жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, алдағы бір жылдың ішінде біз оны өндіріске шығарамыз. Бұл жобаның мақсаты – денеге зақым келтірмей жүрекке инвазитті ота жасауға бағытталған, – дейді Қ.Əбдуəлиұлы.
Америкалық ғалымдармен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жоба Қанат Байғариннің айтуы бойынша, алдағы уақытта НУ Технопаркінің базасында тек Қазақстан үшін ғана емес көршілес Ресей, Орталық Азия елдеріне арнап осындай құрылғыны шығара бастайды.
Бұл жоба жүрек ауруларымен ауыратын барша қазақстандықтарға үлкен көмек болатындығына тоқталған вице-президент:
– Біз өткен жылдың желтоқсан айында Назарбаев университетінің Кардиологиялық орталығында алғашқы отаны жасадық. Ол сəтті өтті. Биыл да бірнеше ота жасау жоспарымызда бар. Біздің ендіргелі жатқан инновациялық жобамыз қазақстандық медицинаға үлкен өзгеріс алып келеді. Нақты уақытын айта алмаймын, бірақ келесі жылдың ортасынан бастап бұл жоба іске қосылады деп ойлаймын, – деп өз ойымен бөлісті.
Айта кетейік, 2012 жылдан бастап Назарбаев университеті жанында зияткерлік-инновациялық кластер дамып келеді. Кластердің міндеті, университтік ғылым мен өндіріс арасында байланысты дамыту, сондай-ақ, ғылыми əзірлемелердің нəтижелерін нарыққа шығару болып табылады. Кластердің құрамына инновациялық инфрақұрылымның 4 элементі кіреді. Қазіргі кезде Бизнес-инкубатор, Коммерциялау офисі жəне Технопарк жұмыс істеп жатыр. 2018 жылы «Astana Business Campus» ғылыми паркі іске қосылады.