Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Әркімнің дауысы маңызды» акциясын қорытындылады.
Оған 1850 кәсіпкерлік құрылымның өкілдері қатысты. Оның ішінде дәмхана, қонақ үй, сауда орталықтары, әсемдік салондары және қаржы ұйымдары бар. Отандық 350 кәсіпорын өз өнімдеріне «Әркімнің дауысы маңызды» деп жазылған 3 миллион данадан астам арнайы жапсырманы бастырды. Ал қазақстандық жоғарғы оқу орындарында саяси науқанға белсенді қатысуға үндейтін 10 мыңдай күнтізбе ілінді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, аталған акция арқылы миллионнан астам отбасы мен 3 миллиондай ғаламтор-пайдаланушы ақпараттандырылған.
Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
– Біз осы акцияны бастар кезде отандық бизнес-қауымдастық осыншалықты жоғары белсенділік танытады деп ойлаған жоқпыз. Кәсіпкерлер пайда табу үшін емес, өздерінің азаматтық борышы ретінде акцияны жалғастырып әкетті.
Нұржан Әлтаев баспасөз мәслихатын қорытындылай келе, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын жеткізді. Акцияға белсенді түрде ақпараттық қолдау білдірген «24 KZ» телеарнасы да марапатталды.