Бразилияда Халықаралық үндіс тайпаларының ойыны деп аталатын сайыс өткелі жатыр.
Бұл барша Америка құрлығының байырғы халқы тарихындағы алғашқы спорт жарысы болады.
2014 жылы футболдан әлем чемпионаты өткізіліп, келер жылға олимпиада ойындары жоспарланған Бразилияда биыл тағы бір айтулы шара ұйымдастырылғалы жатыр. Ерекше сайыста Америка құрлығының байырғы халқы өзара бақ сынаспақ. Оған тіпті Боливия президенті Эво Моралес Айма қатыспақшы. 1996 жылдан бастап ұдайы өткізіліп отыратын үндіс тайпаларының арасындағы жарысқа биыл тұңғыш рет Бразилиядан өзге елдердегі байырғы тұрғындар қатысатын болды. Ал бір ғана Оңтүстік Американың өзінде 300-ден астам үндіс тайпасы, яғни 1 млн-ға жуық байырғы халық ұрпағы тұрады.
Сайыста Америка құрлығының 22 еліндегі 48 ұлыстың атынан шыққан 4 мыңдай атлет біліктілігін байқамақшы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық шаралар жаһанға танымал жарыстардан асып түспесе, кем болмайды. Каноэ қайығымен жарыса жүзу, садақпен оқ ату, найзамен балық аулау, футболға ұқсас дәстүрлі командалық ойын сияқты 30 түрлі сайысқа қатысып, күш сынаушы арнайы костюм киіп, жарысады.
Джордж Хилтон, Бразилияның спорт министрі:
– Бұл Бразилия үшін жай ғана спорттық шара емес, өте маңызды, айтулы оқиға. Сайыс байырғы халықтың өмірі мен мәдениетін паш етеді. Ойынды тамашалауға келген адамдар дәстүрлі тағамнан дәм татып, өнерімен таныс болады. Әрбір ұлысқа өзінің аудармашысы тағайындалады. Өйткені Бразилияның өзінде үндістер 270 түрлі тілде сөйлейді.
Сонымен қатар спорт министрі 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қойған мақсатын атап өтті. Бразилия жалпы медаль саны бойынша үздік ондыққа енуді көздейді. Бірақ әлемдік додаға дайындық кезінде қылаң еткен мәселе жетіп-артылады. Мысалы, таяуда ғана Рио-де-Жанейродағы олимпиадалық каналда балықтардың жаппай қырылып қалғаны анықталды.
Авторлары: Қаракөз Тұрмағанбетқызы, Әсет Толыбаев
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/60982-ysy-tpek