Еліміз бойынша сайлау бөлімшесі ең көп шоғырланған облыс – Шығыс Қазақстан.
Соған сәйкес кенді Алтай өңіріндегі сайлаушылар да осы жолы ерекше белсенділік танытты. Өңірде құрылған 1 мың 79 учаскеде 845 мың 381 сайлаушы өз таңдауын жасады. Сағат 20:00-де барлық сайлау бөлімшелері жабылып, осы сәтте бюллетеньдерді санау жұмыстары да аяқталып қалды. Енді қай кандидаттың қанша пайыз дауыс жиғаны есептеліп жатыр.
Жалпы, облыстағы барлық сайлау бөлімшелері 06:00-де ресми түрде ашылған соң, сайлаушылар өз таңдауын жасауға кірісті. Әсіресе ауылдарда сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Тіпті кейбір учаскелерде құлаш-құлашкезек түзілді. Саяси науқан күні өңірде ауа райы да жайма-шуақты болды. Ал сайлаушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болуы үшін учаскелерде түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Өңірдегі сайлаушылардың ең жасы үлкені 102-де екен.
Сондай-ақ облыс бойынша жүздеген жеткіншек сайлауға тұңғыш қатысып, өз таңдауын жасады. Шекарадағы әскерилер мен жүріп-тұруы қиын сайлаушыларға да дауыс беруге мүмкіндік жасалды Облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сағат 17.00-ге дейін Қатонқарағай, Бородулиха және Бесқарағай аудандарындағы сайлаушылардың 99%-ы дауыс беріп үлгерген. Ал кешкі 18:00-де аймақта сайлаушылардың 90%-ы өз таңдауын жасады. Бұл цифрлар сағат 20:00-де өзегереді ғой. Сол кезде нақты айтамыз.
Камал Арынханов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:
– Халық белсенді болды. Әсіресе ауылдарда. Кейбір учаскелерде кезек болды. Бірақ біздің аудандағы ауылдардағы сайлау комиссиясының мүшелері әрбір сайлаушы еркін дауыс беруге барлық жағдайды жасады. Ал кандидаттардың сенімді өкілдері мен байқаушылар саяси науқанды жіті қадағалады. Дауыс беру аяқталғанына да 3 сағат болды. Шетелдік және халықаралық байқаушылар сайлау өткенге дейінгі дайындықты және бүгінгі сайлаудың өтуін бақылады. Дәл осы уақытқа дейін олардың тарапынан ешқандай ескерту түскен жоқ. Ерекше атап айтар нәрсе – халықтың белсенділігіне өзіміз де таң қалдық. Атқарушы билік тарапынан барлық жағдай жасалды. Мәселен, Өскеменде автобустар түске дейін сайлаушыларды тегін тасымалдады.
Облыста сайлаудың өту барысын бақылауға 42 халықаралық байқаушы келді. Еуропадағы Ынтымақтастық және Қауіпсіздік ұйымынан – 20, ал ТМД елдерінен 22 байқаушы болды. Ал сайлау комисиясының мүшелері дауыс санауды да аяқтады. Шығыс Қазақстан бойынша үш кандидаттың қанша пайыздан дауыс жинағаны алдын ала қорытынды шыққан соң мәлім болады. Ал біз саяси науқанның түпкілікті нәтижесі жөнінде алдағы хабарларда айтатын боламыз.
Авторы: Олжас Керейхан
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/sayasat/item/61343-art-ta-bar