Айнұр Исина бар кінәні зардап шеккен Әлібиге жапты

0
594

albasty

Айнұр Исина Әліби Жұмағұловпен болған жантүршігерлік жағдайға қатысты Today.kz тілшісіне сұхбат берді.

Қайрат Жамалиев 21 сәуір күні Астана қаласының тұрғыны Әліби Жұмағұловты азаптап, ұрғаны көпшіліктің жағасын ұстатқан болатын. Әлібиді кәсіпкер Жамалиев әйелі үшін ұрған болуы мүмкін деген болжамнан кейін, Қайрат Жамалиевтің жұбайымын деп өзін таныстырған Айнұр Исина сұхбат беруге келісті.

Сұхбат барысында ол 25 сәуірде Жұмағұловты жақсы халде өз көзімен көргендігін айтты.

“Әлібидің денсаулығы жақсарған. Ол біздің (Жамалиевпен тұратын) үйге екі полиция қызметкерімен бірге тергеу жүргізу үшін келді. Жағдайы жақсы, өзі ешкімнің көмегінсіз келіп, таксимен кері қайтты. Бұған куәгерлер де бар – интернет арқылы бәрін біліп алған көршілеріміз”, – дейді Исина.

Исина зардап шеккен азаматтың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқаны шындыққа жанаспайды деп есептейді.

“Меніңше оны көп қан жоғалтып, жансақтау бөлімінде жатыр деп әсірелеп жіберген. Мүмкін расымен де ауруханада жатқан шығар? Алайда, оның өзі жүріп-тұра алатынын, бет-құлағы орнында екенін өз көзіммен көрдім. Бұны мен ғана емес, көптеген куәгерлер де көрді”, – деп сөзін жалғастырды әйел.

Тілшінің “Сіз Жамалиевтің заңды әйелісіз бе?” деген сауалына Исина “мұның іске еш қатысы жоқтығын” алға тартты.

Елдер шу шығарғанды ұнатады. Оның жағдайы жаман емес екенін үй айналасындағы камералар да түсіріп алды. Мен күйеуімді босатқанын қалаймын

“Мен оның (Жамалиевтің) баласының анасымын. Ал заңды әйелімін бе, жоқ па бұның Әлібиге еш қатысы жоқ… Елдер шу шығарғанды ұнатады. Оның жағдайы жаман емес екенін үй айналасындағы камералар да түсіріп алды. Мен күйеуімді босатқанын қалаймын”, – дейді Исина.

Ал интернетте жазылып жатқандардың көбісімен Исина келіспейтіндігін жасырмады.

“Интернетте (Әлібиді) оны үйде үтікпен, “паяльникпен” ұрды, үйімізде порнография бар деген пікірлер кезіп жүр. Бұның бәрі жалған. Үйімізде кішкентай бала бар. Оның көз алдында порнографияны қалайша ұстап отырамыз? Ал “паяльник” біздің үйде тіптен жоқ. Мен тіпті “паяльниктің” не екенін де білмеймін”, – деп мән-жайды түсіндірді Айнұр.

“Астана аруы” Әлібидің не себепті  21 сәуірде соққыға алынғанына өз ойын айтты.

Әлібимен арамызда ештеңе болған емес. Мен тек онымен күйеуім туралы ақпар беретініне сеніп қалып, байланысқа шықтым. Алайда, сөзінің дәлелі болмағасын ақша бермей қойдым. Содан кейін, ол күйеуімнің мазасын ала бастады

“Не себепті бұлай болғанын білмедім. Бірақ күйеуіме қайта-қайта қоңырау шалып, өзі келді. Ақша тапқысы келді ме, кім біледі? Бұл жағдайға өзі сұранып алды. Ол (Әліби) күйеуім көзіме шөп салып жүр деп сендіруге тырысып, қыр-соңымнан қалмады. Аңдып түсірген видеоларын жіберсе де сөзіне сенбедім. Күйеуіме болған жайтты айтып бердім. Екеуі ресторанда шу шығармай адамша сөйлесті. Оған куәгерлер де болды. Ал Әлібимен арамызда ештеңе болған емес. Мен тек онымен күйеуім туралы ақпар беретініне сеніп қалып, байланысқа шықтым. Алайда, сөзінің дәлелі болмағасын ақша бермей қойдым. Содан кейін, ол күйеуімнің мазасын ала бастады. 7 сәуірге дейін хабарласуын қоймады. Ал көлігін одан ешкім тартып алған емес. Ол өзі жүргізушіге көлікті ертеңге дейін әкете тұсрын деген болатын. Әлібидің өзгеше сөйлеп шыққанына өзіміз де таңбыз”, – деп жалғастырды Исина.

Күйеуін ғаламторда балағаттап жатқандарға Исина келесі сөздерін жеткізді:

“Қайрат өте жақсы адам. Қашанда жағдайы жоқтарға қол ұшын беріп жүреді. Ол жақсы әке. Ал Әліби бұл кесірді “өз тілінен” тапты. Қайраттың ашуына тиген болуы керек. Әліби құрбыммен кафеде отырғанымда көзді ала бере қасымызға келіп, телефонымнан өзіне қоңырау тастады. Осылайша маған күнде хабарласып мазамды алумен болды. Балалар үйіненмін, жесірмін деп аяушылығымды оятқысы келді. Мен оның әкесі барын білгенде таңырқап қалдым”, – дейді “Астана аруы”.

Исина  Жамалиевпен 7 жыл бірге тұрып, 5 жасар ұл тәрбиелеп отырғанын жасырмады. 25 жастағы “ару” “тобырымен талайтын иттер” сияқты тап берген қоғамды мейірімдірек болуын сұрады.

Айнұр Жамалиевтің алты бала тәрбиелеп отырған парасатты әке екендігін айтып, Әлібидің бұл ісін “алдын-ала ойластырылған тұзақ” деп есептейтінін жасырмады.

“Әліби ақша үшін бәріне баратын адам. Ол маған екі адамды өлтіргенін айтып, өзін Алхан деп таныстырды. Содан кейін, мен ол адамнан қатты қорқамын”, – деп сөзін түйіндеді Исина.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз