Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты өзгермейді. Бұл туралы бүгін Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткенін еске салды.
“Таң атысымен сайлау учаскелерінде халық бала-шағаларымен бірге дауыс беру үшін кезекте тұрды. Яғни, дауыс беру күні мереке сияқты өтті. Бұл менің жүргізіп отырған саясатымның, елдің, көпэтносты Қазақстанның бірлігінің арқасы”, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент ел экономикасын өркендетіп, халықтың жағдайын, әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын баса айтты.
“Бөліну емес, бірігу қажет. Қазақтың тарихының өзі солай, ылғи бірігу үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір де сол бағытты ұстайтын боламыз. Ішкі-сыртқы саясатымыз өзгермейді. Осы жолмен жүре береміз. Себебі осы жолды халық қолдады”, – деді Назарбаев.
Дереккөз: ИА «Казинформ»