Астана станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының мамандары 4 млн 400 мың теңгені пойыз жолаушысынан қолды қылған күдіктіні құрықтады.
25 сәуірде Астана станциясындағы ішкі істер желілік басқармасына 26 жастағы ОҚО, Алпамыс ауылының тұрғыны шағымданып келген.
Оның айтуынша, таңғы сағат 6-да “Астана-Сарыағаш” бағытындағы жолаушылар пойызына отырғызу кезінде вагондарының бірінен оның заттары мен жалпы сомасы 4 млн 400 мың теңге болатын ақшасы салынған сөмкесін ұрлап кетіпті.
Жәбірленуші өзінің сөмкесін жоғарғы бүйірдегі орынға қойғаннан соң, шығарып салуға келген достарымен бірге вагоннан перронға шыққанын айтады.
Пойыз қозғалғанда ол өзінің сөмкесінің жоғалғандығын біліп, әлгі достарына телефон арқылы хабарлаған. Достары орын алған оқиға туралы ақпаратты Астана станциясындағы желілік полиция бөлімінің кезекшісіне жеткізген.
“Астана станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасының криминалдық полициясы мен Көліктегі ІІД Криминалдық басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында ОҚО-ның 1987 және 1991 жылдары туылған 2 тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру барысында ұсталғандардың біріне тиесілі Тойото-Камри автокөлігінен жоғалған ақша табылды”,- дейді Көліrтегі ІІД бастығының баспасөз хатшысы Ләззат Аленова.
Ұсталғандар өз кінәларын толық мойындады. Қазір олар Астана қаласының ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Дереккөз: BAQ.KZ