Павлодар облысының Ақсу қаласы суға кетті

0
410

Павлодар облысында арнасынан асқан Ертістің суы тұрғын үйлерге кіріп жатыр. Тасқыннан, әсіресе, өзенге жақын орналасқан Ақсу қаласының жұрты жапа шегуде деп хабарлайды КТК арнасы.

5654987981324367598

Олар мұндағы бөгет суға тола бастағанда құтқарушыларға хабар беріпті. Алайда олар кеш қимылдаған. Қазір бірнеше үйді су басып қалған. Баспанасы мен қора-қопсысын су шайған тұрғындар көрші-қолаңды паналауға мәжбүр. Ал су көтерілген ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Үш күннен бері ақсулықтар су астында қалған үйлеріне кіре алар емес. Тұрғындардың айтуынша, өзен суы бөгет ашылғаннан кейін келе бастаған. Соның кесірінен ондаған үйді су басып қалды.

Ахметовтер отбасы осыдан төрт жыл бұрын Ақсу қаласына көшіп келген. Бар жиған-тергендерін сатып, қаражатты үйдің құрылысына жұмсапты. Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Сенбі күні лап қойған қызыл су бірнеше үйді шайып өтіпті.

“Әкімнің орынбасары Ладышева келіп, сайлаудан кейін көмек болады деп айтты. Әлі күнге дейін, міне, бүгін 27-сі, әлі бір көмек жоқ. Кішкентай үш балам бар. Киімдерді шығарып үлгердік, қалғаны үйде қалды”, – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Алмагүл Ахметова.

Өзен суының бөгет ернеуіне жеткенін көрген тұрғындар апаттың алдын алуды сұрап, төтенше жағдай қызметі мен әкімдікке хабарласыпты. Алайда ондағылар ешқандай қауіптің жоқ екенін айтып сендірген. Ал бөгеттен асқан қызыл су сенбі күні үйлердің қабырғаларына жеткен.

“Бәрі дамбыдан болды. Өздері экскаватормен келіп сол бөгетті ашып тастады. Отыз-ақ мың еңбекақы алам жұмысқа қайтадан шақырып жатыр. Отыз мыңмен қайда барамыз біз үш баламен? Көтеріңдер, көтеріңдер дейді бала санын, қайдан көтереміз судың астында жатсақ!”, – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Дүйсенбек Ахметов.

Су басқан он шақты үйдің іргетасы зақымданып, қора-қопсысы құлағалы тұр. Ал апат болған күні оқиға орнына жеткен атқамінерлер “суды сорғызамыз” деп уәде етіп, біржола қараларын батырған.

“Бала-шағамызбен қайда түнейміз? Баспана керек. Су келіп жатыр. Техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр”, – дейді Ақсу қаласы ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Бибігүл Нұркенова.

Әкімдік судың бір мезетте келуін жол құрылысымен де байланыстырмақ болды. Айтуларынша, Ақсу маңында салынып жатқан тас жолдың бойына құрылысшылар су өтетін арық салмай кеткен. Соның кесірінен арна таппаған су тұрғын үйлерге қарай бұрылып кетіпті.

Қазір 20 техника мен 50 шақты құтқарушы бөгетті бекітумен айналысуда. Зардап шеккен тұрғындарға қандай да бір көмектің болар-болмасы әзірге белгісіз.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз