Жапонияда соңғы тоғыз айдан бері көлік саудасының құты қашты.
Статистикаға сүйенсек, өткен айда елде 740 мыңнан аса көлік жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға төмен көрсеткіш болып отыр. Үкімет тұтынушылар салығын өсіргеннен кейін көлік саудасы да кері кетсе керек. Бұл жағдай әсіресе кәсіпкерлерге қиын соғып тұр. Компаниялар шығынға батып, өндіріс көлемі де құлдырап барады.
Жапонияның автокөлік қауымдастығы жаңа деректерді жариялады. Елдегі 13 жетекші компания тоғыз айдан бері көлік шығару көлемін қысқартуға мәжбүр. Әсіресе «Хонда», «Ниссан», «Субару» мен «Тойота» корпорацияларының жағдайы мәз емес. Жеңіл көліктердің шығарылымы орташа есеппен 8%-ға азайған. Сарапшылар нарықтың құлдырауына ішкі сұраныстың сиреуі себеп дейді.
Таабо Щимидзу, Токио тұрғыны:
– Көлігің болса, қосымша шығындар да көп болады. Мәселен, мен ай сайын тұрақ үшін 40 мың иен төлеймін. Бұдан бөлек салық пен сақтандыруға жұмсалатын қаржы бар. Сондықтан бүгінде автокөлік жүріп-тұру құралы ғана емес, ол кейбір Токио тұрғындарының қолы жете бермейтін байлық деп айтар едім.
Футоси Сакамото, Токио тұрғыны:
– Өндірістің өркендеуіне қоғамның қартаюы, халық санының азаюы сияқты проблемалар әсер етуде. Оның үстіне бүгінде заман басқа. Бұрындары бір отбасында 2-3 көлік болса, қазіргі жастардың өмір сүру қағидасы мүлдем бөлек.
Өткен айда елдегі компаниялар 740 мың 230 көлікті саудалады. Олардың басым бөлігі қозғалтқышы орташа көлемді темір тұлпарлар. 20%-ы – шағын көліктер. 4/1 бөлігінің қозғалтқышы 1 литрге де жетпейді. Айта кетейік, соңғы кездері жапондықтар осындай шағын көліктерді таңдауда. Өйткені олар көпшілік үшін қолжетімді әрі үнемді.
Тощия Като, Токио тұрғыны:
– Дәл қазір менің көлігім жоқ, бірақ сатып алу жоспарда бар. Оның шағын болғанын қалаймын. Өйткені тұрақтың бағасы арзан болады. Қымбат әрі үлкен көліктің қажеті қанша?
Автонарықтың құлдырауы машина жасау саласы үшін ғана емес, бүкіл Жапония экономикасы үшін қауіпті жағдай. Өйткені сарапшылар осы секторды негізге алып тұтынушылар шығынын бағалайды. Бірақ күншығыс елінің тұрғындары қымбат көлік алып, шығынға шаш етектен батуды қаламайды. Әйтсе де билік қиын-қыстау кезеңге қарамастан, тұтынушылар салығын өсіру жоспарынан айнымай отыр.
Авторлары: Жадыра Медетбек, Әйгерим Уразалиева
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/61763-artuda